Жақында аудан орталығындағы Х.Санбаев атындағы орта мектебінің ғимаратында Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Теңізшевройл» ЖШС-нің ұйымдастыруымен қысқа мерзімді қайта даярлау курсына жергілікті жұмыссыздарды іріктеу жүргізілді. Жаңа мамандықтың қыр-сырын игеруге 42 мақаттық ынта танытты.
Бұл жобаның мақсаты – облысымыздағы жұмыссыздардың санын азайту. Сондықтан бағдарлама Атырау облысының тұрғындарына ғана арналған. Іріктеуден өткендер құбыр монтаждаушы, БӨАжА монтаждаушы, электромонтаждаушы, құбырларды дәнекерлеуші, металл конструкцияларын дәнекерлеуші мамандықтары бойынша екі түрлі оқу орталығында 3-4 ай көлемінде тәлім алады.
«APEC Training Center» электромонтаждаушы және БӨАжА монтаждаушы мамандықтары бойынша үш ай тегін оқытады. Сонымен қатар жатақхана және үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етеді. Асханамыз бен жатақханамыз жаңа ғимараттар. Шағын қалашықтың ішінде шағын маркетте орналасқан. Ал сабақ өтетін оқу кабинеттері мен тәжірибе өтетін цех бөлмелері заманауи жабдықтармен жабдықталған. Барлық дәріс алушыларға жеке қорғаныш құралдары беріледі. Оқу орталығындағы тәжірибелі нұсқаушылар нөлден бастап барлығын үйретеді. Сабақтың 30%-ы дәріс болса, 70%-ы тәжірибе түрінде өтеді. «Электромонтаждаушы» мен «БӨАжА монтаждаушы» қазіргі заманда сұранысқа ие мамандықтар, міндетті түрде вахталық жұмыс емес, жекелей қызмет көрсетіп еңбек етуге де ыңғайлы», - дейді «APEC Training Center» қызметкері Мейрамгүл Есниязова.
Оқу аптаның алты күнінде сағат 9:00 – 18:00 аралығында өтпек. Дәріс алушылар оқу мерзімінің ортасында теория бойынша бір тест тапсырады. Тәжірибеден соң қорытынды тест тапсырып, сертификат алады.
А.ЕСЖАН