Жақсыберген Ізтілеудің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

(0 Votes)

 Аудандық орталық аурухана ғимаратында жергілікті билік өкілдерінің қолдауымен КСРО және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің “Денсаулық сақтау саласының үздігі”, “Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі” үшін төсбелгілерінің иегері, ауданның құрметті азаматы Жақсыберген Ахатұлына арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті.

Шараға зиялы қауым өкілдерімен қатар, аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов, Мақат кенті әкімі Болатбек Сәрсен, медицина саласының қызметкерлері мен марқұмның туыстары қатысты.

Салтанатты шарада алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов медицина саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Жақсыберген Ізтілеуовтың ауданның денсаулық сақтау саласына қосқан орасан зор еңбегін атап өтті.

Одан кейін сөз алған, аудандық орталық аурухананың басшысы Рысгүл Тайшекенова өнегелі өмір жолымен жастарға үлгі болған Жақсыберген Ахатұлы жайында біраз естеліктермен бөлісіп, оның қызметтес шәкірті болғандығын тілге тиек етті.

Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов тақтаны ашудағы мақсат — марқұмның қоғам үшін істеген істерін жастарға үлгі ету екендігін айтып, бұл осы жерде еңбек етіп жүрген жас дәрігерлерге де тәлім-тәрбие болады деген сенім білдірді.

Шара барысында бірнеше азамат марқұмды еске алып, оның әр уақытта өзінің жұмысқа деген жауапкершілігін кішіпейілділігімен, азаматтығымен ұштастыра білгендігін айтты.

Сонымен қатар, Жақсыберген Ахатұлының туыстары 1974-2020 жылдар аралығында өзі еңбек еткен аудандық аурухананың қабырғасында мемориалдық тақтаның ілінгеніне өз алғыстарын білдірді. Ал, мемориалдық тақтаны салтанатты түрде аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов пен марқұмның інісі Нұрлан Ізтілеуов ашты.

Ә.ҚАСЫМ

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT