Доссордағы “ЦЭС” тұтқындардың күшімен салынған

(0 Votes)

Доссор кентіндегі «Бірлік» ықшам ауданында бір кездері өңірге электр тоғын берген электрстанса бұл күні биік мұнарасы бар ғимарат терезелері жоқ, қаңыраған күйінде бос тұр. Бұл ғимарат соғыс аяқталған жылдары осы өлкеге жер аударылған тұтқындардың күшімен салынған екен.

Бұны Доссор кентінің тұрғыны, ардагер Дінғали Дәулетбаев айтып берді. «Доссордың шығыс бетінде тұтқындарға арналған 3 корпус барак болған. Біз бала кезімізде оның тек құлаған орнын көрдік. Бірінші ауыл жақтағы бейіттің ар жағынан атты әскерилер тұтқындарды жаяу алып келетін еді»,- деді әңгіме басында Дінғали ата.

61a8ca25-f89d-44c8-bed0-60632413ace8

Олар электрстансаның құрылысын үш жылға жуық уақытта салып бітірген. Оның құрал-жабдықтары америкалық болған. Құрылысы 1946 жылы басталған электрстансаның жалпы қуаты 4 меговатт болатын, 2 бу-қазандығы мен екі бу-турбиналық генераторы салынып болғасын, 1949 жылы іске қосылған. Кейін бұл жердің маңы шағын қалашыққа айналып, дүкен, балабақша, клуб, монша т.б салынады. Бұл жерге негізінен қырымнан келген гректер мен болгарлар жұмыс жасаған. Оқыған-тоқыған олар өздерінің білімін электрстансаның құрылысын жүргізгенде жетік пайдаланған. Тоқсаныншы жылдарға дейін Главчев және Глупашев деген жандар осы электрстансаны басқарғаны ел аузында бүгінгі күнге дейін сақталған.

eef8c0a5-a4ed-4166-aa58-3bc4278a9b90

«Доссордағы лагерьге неміс, орыс, шешен, болгар, ингуш, грек, татар, болгарлар күшпен жер аударылды. Ауыр жұмысқа салынды. Соғыс біткен жылдары мен бес жасар бала болғанмын. Олардың балаларымен біз бірге ойнап, бірге өстік»,- деп әңгімесін жалғады ардагер. Доссор кентінде орналасқан қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш 1970 жылдары салынған. «Ол едәуір бейіт еді. Қазір сол жерде бестен бірі жатыр-ау деймін. Кезінде «компартия» және «райисполком» бар. Солардың шешімімен қоршауға алынды. Біз сол кезде А.Макаренко атындағы мектепте оқитынбыз. Бейіт мекепке жақын орналасқан еді. Үлкендерден естіген әңгімеміз ғой тұтқындар тартқан азаптың ең қиыны – ашаршылық болған. Ауыр жұмысқа тартылған жандар талғажу ететін дәнеңе таппай, әлсірей бастаған. Аштық салдарынан өлім құшқандар аз болмаған. Тұтқындар айдауда келе жатып құлап, сол жерде жан тапсыратын болған. Олар қасындағы мүрделерді сүйреп, біртіндеп осы төбеге көме берген»,- деді Д.Дәулетбаев. Қазір бұл орын аудан көлемінде қуғын-сүргін құрбандарын еске алу орнына айналды.

М.Серікқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521