«Наркескен» қоғамдық бірлестігінің, «Жаныңдамын» волонтерлық ұйымының және аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Б.Қанатбаев атындағы орта мектепте қайырымдылық куиз өтті.
Бұл жолғы білім бәйгесінің басты мақсаты ауданда интеллектуалды орта қалыптасуымен қатар доссорлық ұстаз Нұргүл Күншығарованың еміне қаржылай көмектесу болды. Сондықтан да жергілікті білімпаздардың ықыласы ерекше болып 11 команда жиналды. Олар: «Бір түрлі команда», «Бәйтерек», «3-11-48», «Very жақсы люди», «Компас», «Ханиф», «Мәкенский», «JasStar», «Ғamily», «Musa жастары», және «Brave youth» командалары.
Ойынның нәтижесінде Доссор мешіті жамағатынан құралған «Ханиф» жеңіске деген жігерлері үшін арнайы номинациямен марапатталса, үшінші орын Л.Шахатов атындағы орта мектебінің «JasStar», екінші орын аудандық мәдениет үйінің «Мәкенский» командаларына бұйырды. Ал 6 кезеңде 18 ұпай жинаған М.Баймұханов атындағы орта мектебінің «Musa jastary» командасы жарыс жеңімпазы боп танылды.
«Аудандық деңгейдегі куиз Доссор кентінде алғаш рет өтіп тұр. Сауапты іс жолында көп қатысушы жиналғанына қуаныштымыз. Сонымен қатар біздерге қолдау білдірген жергілікті кәсіпкерлер Қуаныш Исмағұлов пен Нұркен Онғаровқа және «Akkenzhe tattileri» кондитерлігі мен «Dzhohan_food» тез тағам орталығына алғыс білдіреміз», - дейді шараны жүргізген А.Жұмабекұлы.
Өздері бір команда болып ойынға қатысқан Күншығаровтар әулетінің мүшелері шара соңында сахна төріне шығып барлық қатысушыларға алғысын білдірді. Оларға ұйымдастырушылардың атынан жиналған қаржы табысталды.
Өз тілшіміз