Нашақорлық – адамзаттың қас жауы. Бүгінде дүние жүзі осы ғасыр дертінің алдын алу мақсатында түрлі шаралар қолданып, мәселені шешудің жолын іздеуде. Елімізде де нашақорлықпен күрес кешенді түрде жүргізіліп келеді.
Осы орайда халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Доссор мәдениет үйінің алаңында «Зиянды әдеттен аулақ бол» атты акция концерт өткізілді. Бұл іс-шараның мақсаты кент тұрғындары мен жастарды салауатты өмір салтына шақыру, есірткіні қолданбау және нашақорлықпен байланысты қылмыстық істерге бармау секілді ойларды қалыптастыру болды.
Алдымен Доссор селолық ауруханасының салауатты өмір салты медбикесі Гүлжан Такелова жиналғандарға түсіндірме жұмысын жүргізіп, арнайы ақпарат жазылған үнпарақтарды таратты. «Жыл сайын әртүрлі есірткі заттарының саны артып келеді. Олар көпшілікке қолжетімді әрі кең таралып жатыр. Есірткі - өмір сүру ұзақтығын қысқартатын, физикалық және психикалық денсаулықты бұзатын жаһандық мәселе. Сондықтан да аурудың алдын алу және мамандардың кеңес беруі аса маңызды. Бүгінгі мақсатымыз - салауатты өмір салтын насихаттау», - деді Гүлжан Такелова.
Одан кейін жалғасын тапқан концерттік бағдарламада ауданымыздың өнерпаздары Айнагүл Әбілқасова, Мейрамбек Құрманғазиев, Мәди Маңғыстауов, Данияр Ерімов, Думан Құрмашев, Шакизада Қонысбаева, Қайырбек Бағытов, «Еркем-ай» үлгілі би тобы және мәдениет үйінің оқушылары ән салып, би билеп, жиналғандарға позитивті көңіл-күй сыйлады. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында профилактикалық іс-шаралар әлі де жалғасын табатын болады.
Өз тілшіміз