Дзюдошы Фатима: «Әлем чемпионы болғым келеді»

(1 Vote)

Осыдан бір ай бұрын газетіміздің инстаграм парақшасына Фатима есімді бүлдіршіннің ұлдармен күресіп жүрген видеосын жүктеген болатынбыз. Осы уақытқа дейін 380 мыңнан астам қаралым жинаған бұл видеоға қызығушылық танытқан әлеуметтік желі қолданушыларының белсенділігі әлі төмендеген жоқ. Балалар күні мерекесіне орай көпшіліктің көзайымына айналған Фатиманы оқырмандарға жақыннан таныстыруды жөн көрдік. 

Доссорлық 11 жасар Фатима Мұхамбетқали осы оқу жылында Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің 5 сыныбын аяқтап жатыр. Азамат және Гүлсезім есімді ата-ананың тұңғышы Фатиманың артынан ерген екі інісі және бір сіңілісі бар. Әкесінің спортқа жақындығы Фатиманың дзюдомен айналысуына түрткі болған.

«Бір кездері жазғы уақытта теледидар қарап отырып ұлдар мен қыздардың күресіп жатқанын көріп қалдым. Осы уақытта менің күреске деген қызығушылығым пайда болды. Кейін әкеме дзюдо үйірмесіне апаруына қолқа салдым. Үйірмеге барып, шыныққаннан кейін менің бұл спортқа деген қызығушылығым одан сайын арта түсті», - дейді Фатима.

Бүгінде Фатиманың дзюдомен айналысып жүргеніне екі жыл уақыт болыпты. Спортшы қыз осы аз уақыттың ішінде биік белестерді бағындырып үлгерген. Қатысқан жарыстарынан жүлдесіз қайтпайтын оның қоржынында бес алтын медалі бар. Оның үшеуіне Атырау, біреуіне Орал және тағы біреуіне Доссорда өткен жарыстарда ие болған.

«Менің тренерімнің аты-жөні Әділет Тынышқалиев. Мен осындай тәжірибелі тренердің шәкірті екенімді мақтаныш етемін. Ол әрқашан мені тек бірінші орын алу үшін күресу қажет екенін айтып, шыңдап отырады. Соның арқасында ылғи жарыстардан алтынмен оралып жүрмін», - дейді спортшы қыз.

Отырып иықтан асырып лақтыру (сэойнагэ) Фатиманың күрестегі ең сүйікті әдісі. Ол болашақта әлем чемпионы болуды армандайды. Оның кумирі екі дүркін әлем чемпионы, жапондық дзюдошы Маруяма Дзёсиро. Ал өмірдегі үлгі тұтар жаны әкесі Азамат.

«Әкем самбо күресімен шұғылданған. Оның менің өмірімде алар орны ерекше. Жарыстарда орын алғанда ең бірінші әкеме қоңырау шалып сүйінші сұраймын. Ол маған әрқашанда қолдау танытып отырады. Үйде бірге жаттығу жасаймыз, жарыстарға бірге дайындаламыз. Екінші жаттықтырушым деп әкемді айта аламын. Менің әкем – менің мотиваторым», - дейді жас дзюдошы.

Фатиманың ұстазы Әйгерім де оның әрбір жетістігіне қолдау танытып жүрген жанның бірі. Қатысқан жарысынан орын алса да, алмаса да біз сыныптастары болып өз қолдауымызды аямаймыз дейді ұстазы.

«Фатима менің сыныбымдағы өте белсенді оқушылардың бірі. Ол сыныптың, мектептің мәдени-көпшілік шараларынан қалыс қалмайды. Ол өте өжет, салмақты, алғыр, өзіне сенімді оқушы. Өзіне жүктелген кез-келген тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарайды, ыждағатты орындайды. Сабақты да жақсы оқиды. Ал спорт десе жанын салады. Жақында Орал қаласында өткен аймақтық турнирге қатысып жүлделі бірінші орынға ие болып, ауданның, мектептің мерейін өсірді. Мен Фатимамен мақтанамын. Алдағы уақытта әлем чемпионы болады деп сенім артамын», - дейді сынып жетекшісі Әйгерім Мұратова.

Фатиманың інісі Исмайл да әпкесінің ізімен дзюдомен шұғылданып жүр. Ұл-қызының талабын байқаған әкесі аулада оларға арнап жаттығу залын салып бермек. Дзюдоны жанына серік етіп, еліміздің көк туын көкте желбіретуді мақсат еткен Фатиманың алар асуы мен бағындырар биігі көп болсын дейміз.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521