Бұл іске енем баулыды, мен келініме үйреттім

(0 Votes)

Көзді ашып-жұмғанша күз де төрімізге енді. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, жазда көкөністің түр-түрі пісетін уақыттан бастап, үй жағдайында қыстың қамын жасап, азық дайындау ісіне кірісіп кеткен қыз-келіншектер ауданымызда аз емес. Себебі, үйден дайындалған салат пен тосаптың дүкендегі өнімдермен салыстырғанда дәмі де, сапасы да жоғары болатыны айтпаса да белгілі.

Жыл сайын қыстың қамына ерте кірісетіндердің қатарында доссорлық Мәншүк Орынбасарова да бар. Ол биылғы жоспармен 100 банкі көкөніс пен тосап жапқан. Ауа райының қолайлығы мен көкөніс, жемістер бағасының қолжетімділігін пайдаланған ол әлі де банкілерінің санын көбейтуді жоспарлап отыр.

Банкі жабу үшін де оның қыры мен сырын білу қажет. Ынта мен ыңғай келмесе бұл кез келген адамның қолынан оңай келе қоятын іс емес. Ал бау-бақша егіп, оның өнімдерін қысқа дайындау бүгінгі таңда тіпті ерлік десе де болады. Мәншүк Жәрдемқызы бақшасынан бақ тапқан жан. Көктемде егінін егіп, қыста қызығын көретіндердің қатарында. Оның үйінің ауласында үлкен бақ бар. Онда жеміс ағаштары мен үй ішіне жетерліктей көкөністерді өсіреді. Ал күз бастала салып қыстың қамына кіріседі. Айтуынша, қысты дәмді салат, тұзды қияр мен қызанақ, тосапсыз елестете алмайды. Мәншүк жапқан көкөніс пен тосаптар - қыс бойы отбасына азық. Балалары мен немерелері де оларды сүйіп жейді екен.

Ол ең алғаш банкі жабуды екінші анасы - енесінен үйренген. Тұрмыс құрғанына биыл 25 жыл толған Мәншүктің бұл сол жылдардан бергі сүйікті ісі. Басында аз-аздап жапқан ол қолы үйренген соң, санын арттыра түсірген. Жасыратыны жоқ, банкі жабу кей қыз-келіншектің қолынан келе бермейтінін жоғарыда атап өттік. Ал бір ғана қыс мезгіліне жүзден аса банкі жабу еңбек пен төзімділікті қажет етеді.

55

Күн суытқанда тұздалған, қытырлақ қияр мен қызанақты, түрлі салат пен компот, шырынды ішкенді әркімнің жаны сүйетіні анық. Осы орайда үй шаруасына да, жұмысқа да уақыт тауып жүрген Мәншүк анадан консервілеудің құпиясын білуге тырыстық.

«Қысқа дайындықты жаздың соңы мен күздің басында бастаймын. Бұл мезгілдерде жеміс-жидектің түр-түрін табасың ғой. Алайда ол қыста қиынға соғады, бағасы да шарықтап кетеді. Ал дастарханның толып тұрғанын кім қаламайды. Сондықтан жеміс-жидек, көкөністер өнім бергенде отбасымызбен қысқа дайындықты бастаймыз. Балаларым мен немерелерім бақшадағы жемістерді жинап, көмектеседі. Биыл бақшадағы өрік, шиеден компот қайнаттым. Келінім қолбағыс етеді. Мені бұл іске енем баулығындай, мен де келініме бар білгенімді үйретіп жүрмін»,- дейді ол.

Мәншүк Жәрдемқызы қысқа дайындықты жемістің піскен уақытына қарай бастайды. Бірақ биыл қыстың қамына күзде ғана кірісіпті. Ал түрлі салат, дәмдеуіштердің мәзірін көбіне ғаламтордан қарап жасайды екен. Алайда, жылда қайнататын, үйреншікті салаттары да жоқ емес. Оған арнайы блокнот арнап, қажетті салат түрлері мен қоспаларын жазып жүретін әдеті бар екен.

Жабылған банкалардың тең жартысын қыс бойы өздері қорек етсе, жартысын елді мекендердегі ағайын-туыстарына сыйлайтынын айтты.

Дастарқанын өзі дайындаған тағамдармен жайнатып қоятын Мәншүк «Банка жабу – тек қысқы азық дайындау ғана емес, ол балаларды еңбексүйгіштік пен бірлікке тәрбиелеу» дейді.

Еңбекпен жасаған тірлік әрқашанда бағалы. Тіпті, қыс келгенде «Мынау менің жапқан салатым, дәмін көріңіз. Қалай болыпты?...» деп қызықтырып, ағайынға дәм таттырып жүреміз. Бұл да жақын жандармен араласудың, сыйласудың тәсілі шығар. Қалай десеңіз де, берген кеңесіңіз оқырман кәдесіне жарасын!

Толығырақ газетіміздің кезекті санынан оқи аласыз!

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордан

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT