Айдарлы баланың айбарлы болмысы

(1 Vote)

"Аттан жығылса да салттан жығылмайтын" жұртымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлері бүгінде қайта жаңғыра бастағандай.

Кешегі қызыл империяның солақай саясаты тілімізді тұншықтырып, санамызды улап қана қоймай, салт-дәстүрлерімізді де құрдымға кетіре жаздады. Абырой болғанда сан ғасырлар бойы серігіміз болып күнделікті өмір дағдымызға айналып үлгерген ата дәстүріміз әупірімдеп үзіліп-үзіліп болса да тәуелсіздіктің ақ таңына ілікті. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықты түгелімен қамтитын қазақы қағидалардың һәм салт-дәстүріміздің "осы қалай" дейтіндей осалы жоқ. Барлығы бастауын асыл дініміз Исламнан алған. Ал, арғы кезеңде пайда болғандары шариғат шеңберінде сұрыпталып, сүннетпен сабақтасқан. Осындай керемет дәстүріміздің бірі - балаға айдар тағу. Айдарынан жел есіп, әулетінің көз қуанышы болып жүрген балақайлар біздің ауданда да баршылық. Атасы айдар таққызып, келешегінен зор үміт күттіріп отырған кішкентай кейіпкеріміздің бірі - Нұрали Қуанғали.

Нұрали - Шеруеновтар әулетінің еркесі, Орынғали мен Гузельдің шаңырағындағы екінші бала. Ұл бала болғасын ба, батырымыз атасы мен әжесінің "меншігінде". Бүгінде Л.Шахатов атындағы орта мектептің екінші сыныбында білім алып жатқан ол бос уақытында күрес үйірмесіне де қатысады екен. Балақай өзінің бала қиялымен "Айдарым маған күш береді",-деп қояды. Анасы - Гузель ұлы жөнінде: "Өзі бауырмал, алғыр, спортты жақсы көреді",- дейді. Бір қызығы орыс сыныбында оқып жатқан Нұралидің ата-анасы да орыс тілінде білім алған. Алайда, «дәстүрге өте берікпіз, салтты жақсы ұстанамыз»,- дейді анасы. Ал балаға айдар қою атасы Кабдикаримның ойынан туындаған екен.

burymdy-bala-1

Айдарлы кейіпкеріміздің әжесі де талай жылдар бойы ұстаздық қызмет етіп, сан шәкіртін білім нәрімен сусындатқан - Гүлшат Бекмағанбетова есімді ұлағатты ұстаз. Бүгінде зейнетке шыққан апайымыздың алаң қылар ермегі балдай тәтті немерелері екенін жасырмайды.

"Ертеде қазақта ұл балаға айдар, қыз балаға тұлым шаш қойған. Ер баланы батыр болсын, өзінің елін сүйіп жүрсін деп, бір жағынан тіл көзден сақтасын деп қойдық",-дейді әжесі Гүлшат апай.

Иә, жас балаға айбарлы болсын деп айдар тағу, маңдайы жазық болсын деп кекіл, тіл көзден сақтасын деп тұлым қою - көшпелі халықта ертеден бар дәстүр. Атақты Абылайхан жырында "Қос айдарлы ұл кетті, қос тұлымды қыз кетті" деген жолдар кездеседі. Көргеніміздей айдар тағу қазақ үшін тосын нәрсе емес, дәстүрлі ғұрыптың жаңаша жаңғыруы. Атам қазақ ат ұстарын елін, жерін қорғайтын ер болсын деп ырымдағанын келесі деректерден байқаймыз. Мысалы, Кенесарының інісі атақты Наурызбай батырдың ұзын айдары болған деседі. "Айдар шаш әдетте бала сүндетке отырып мұсылмандық шартты өткергеннен кейін 7-9 жастарында алынады. Ал, Нұралидің нағашылары көршілес Астрахань облысынан болғандықтан, қазіргі карантинге байланысты келе алмай сәл аялдап жатыр",-дейді әжесі. Ойын баласы суретке түсуге сәл қиқарлық танытқанымен әжесі әп-сәтте тілін таба қойды. Бізде балақайдың тілін қызық көріп өскенде кім болғысы келетінін сұрадық. Табан астынан қойылған сұраққа тартынып қалмаған ол: "Мен өскенде батыр боламын!",- деп жауап берді.

Бала кезінен бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп өсіп келе жатқан Нұралидің батыр болатынына біз де нық сенімдіміз. Алар асуларың көп болсын, айдарлы жігіт.

А.САДЫКОВ

Cурет автордан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT