Ауданымыздың құрылғанына 95 жыл толды. Осы бағытта бірқатар іс-шаралар жасақталып, олар жүзеге де асып жатыр.
Мәдени-спорттық шаралардан өзге танымдық –тарихи жұмыстардың да бір ізге түсіп, халықтың назарына жүйелеп ұсынылғаны орынды. Біздің айтпағымыз, жергілікті басқару орыны кенттеріміз бен ауылдардың инфрақұрылымы үшін бірнеше жобаларды да бастап кетті. Ал, тұрғындар тарапынан қандай үлес қосып жатырмыз?
Әркімнің өз туған аулы өзіне ыстық. Оның көркейе, гүлдене беруін шын жүректен қалаймыз. Егер, әрбір қазақстандық осылай жиі айтып жүрсе, оның бойында өз аулына деген патриоттық сезімі бұлқынып, тулап тұрар еді-ау. Дегенмен, қазір сөзіміз бір бөлек, ісіміз бір бөлек болып алды. Айғақ, мысал керек пе? «Бәрін айт та бірін айт» деген, көргенімізді жасырмайық.
Ең жеңілі, өзіміздің ауламыз бен үйлеріміздің қас беттерін ретке келтірдік пе? Осыны да ойластыралық, ағайын!
Газетіміздің бүгінгі санынан бастап, «Bizdin koshe» айдарын ашып отырмыз. Мұнда әркім өзі тұратын көшенің келбеті, даму жайы, тәртібі мен мәдениеті туралы айтатын болады. Бұл айдарда әр тұрғынға екі сұрақ беріледі:
1. Сіз тұратын көшенің келбеті жақсара түсу үшін жергілікті атқарушы орынға берер ұсынысыңыз.
2. Өзіңіз көше келбетінің жақсаруына қандай үлес қостыңыз?
Ал, белсендірек болайық, ағайын! Сіздерден хабар күтеміз.