Біз «Адал жолды» таңдадық

(0 Votes)

Осыған орай аудан көлемінде кешенді шаралар дебат, акция, флешмоб, спорттық ойындар, веломарафоншылар, жүгіруден марафоншылар жарысы, автокөлік шеруі, концерттік бағдарламалар жоспарланып, жүзеге асты.

Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алдынан бастау алған шеруде аудан мекемелерінен қатысқан 30 талапкер жаяу жүгірушілер марафонында топ бастаса, мұнан соң велошерушілер марафоншылар легін жалғады. Еліміздің көк байрағын желбірете көтерген 20 автокөлік шерушілердің ортақ мақсаты – адал жолда ел мақсатын айқындай түскендей әсерге бөледі.

Марафоншылар 3000 метр қашықтықты бағындыру мәресімен «Жеңіс» саябағына аялдады. Аудандық жастар ресурс-тық орталығының ұйымдастыруымен флешмоб биі салтанатты сәтке көрік берсе, тамашалауға келген аудан тұрғындары ерекше қошеметпен қаумалап, саябақ ішін думанға бөледі. Салауатты өмір салтын ұс-танған еліміздің спортты жанына серік етуі дәстүрлі үрдіс. Елбасымыздың Жолдауында спорттың бұқаралығын арттыруды мақсат етіп, халықтың 30 пайыздан астамы спортпен айналысу міндетін жауапкершілігіне алған жұртшылықтың ынтасы да ерекше. Марафоншылар легінде ауданның жас спортшылары қатарында жасы егде тартқан тұрғындар да сап түзегені қуантады. Әрине, барлығына бірдей спорттық үлгідегі велосипед табыла бермесі анық. Дегенмен, ауыр науқастан соң, жаттығып, өмірге құлшынысын оятқан, қарапайым шайтан арбасымен жасы 70-ке аяқ басқан аудан тұрғыны Қабиев Мәлік ағамыздың да веломарафоншылар сапынан табылуы бұқаралық спорттың дамуының бір дәлелі. Халықтың ұйымшылдығы мен ортақ мүддені ұғысуда мәдени-көпшілік шараның маңызы зор. Әрине, қоғам бірлесе әрекет жасаса, бітпейтін іс жоқ. Сондықтан, республика аясында кеңінен насихатталып, жат әрекеттерден аулақ болуға тәрбиелейтін мұндай шараларда халықтың белсенділігін оятатын да спорттық жарыстар, мәдени көпшілік шаралардың орны ерек.

Шараға қатысушыларды аудан әкімі аппаратының басшысы Жарас Есенғалиев құттықтап, елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылып жатырған шараға қатысушылардың, жас ұрпақтың келеңсіз әрекетке мүлдем төзбеушілікке тәрбиеленуі келешек қоғамның әлеуеті мен мәдениетін қалыптастырудағы маңызына тоқталды. Ауданда ұйымдастырылған сыбайлас жемқорлықпен күресу бағытында еңбек етіп жүрген бір топ белсенді азаматтар мен жеңімпаздарға жазғы сахнада ұйымдастырушылар атынан марапат сыйлар, алғыс хаттар салтанатты жағдайда табысталды.

Елдің экономикасының дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлық дерті қоғам азаматтарын алаңдатып отырғаны аян. Бұл тұрғыда Елбасымыз Н.Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында онымен күресу мақсатында бағыт-бағдар беріп, арнайы заң аясында бағдарламалар да жүйеленіп келеді. Марафоншылар ұрандатқан бұл шара халықтың рухани көзқарасын саралап, мәдениетін қалыптастыруда көпке ерекше ой саларлық дүние деп қабылдаған аудан тұрғындары ерекше ықылас танытты. Олардың айтылған пікірлері, қоғам арасындағы ортақ мүддеге үндесіп, жемқорлыққа жол бермеуге жұмыстанатындарының көрінісін айқындай түсті.

Шара аясында сонымен қатар, «Мемлекеттік қызметшілердің әдебі және мінез-құлық нормалары» қалта кітапшаларын шығарып, мемлекеттік қызметшілерге таратылды. Бұл азаматтардың құқықтық сауаттылығын заң аясында бекітуге зор мүмкіншілік жасауды мақсат етсе, сыбайлас жем-қорлыққа қар-сы үн қосатын банерлер мен лозунгілер марафоншылар мен шеруге қатысушылар назарына ілінді. Қоғам санасын жегі құрттай жайлаған жемқорлықпен күресуге үндеген марафоншылар құрметіне аудан көркем-өнерпаздары концерттік бағдарламаларын арнап, саябақ сахнасы маңы мерекеге ұласты.

Ақ жүріп, адал тұру – имандылықтың белгісі. Иманды адам жат қылыққа жол бермейді. Өзгенің мүлкіне қол сұғу, кісі ақысын жеу – үлкен күнә саналады. Мұндай әрекет жемқорлыққа алып келеді. Осылайша қоғам арасында жең ұшынан жалғасқан сыбайластық орын алады. Міне мұның бәрі өмір айнасындағы ақ пен қараны ажырата білгенге үлкен тәрбие. Сондықтан бүгінгі қоғамымызда тәрбиелік мәні зор, бұқараның «Адал жолды» таңдауына үндейтін республикалық марафонның ұйымдастырылуы тұрғындарды бір серпілтіп тастады. Марафоншылар эстафетасын аудан халқы көршілес Қызылқоға ауданынан келген өкілдерге табыстап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатындағы шара өз мәресіне жетті.

Л.МЫҢБАЙҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген: А.ТАУМҰРЫНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521