Берекесі ұйыған жылы ұя

(1 Vote)

 Отбасы - сыйластық, жарастық, орнаған орта, кішкентай Отан.

«Отан - отбасынан басталады» дегендей, отанды сүю - отбасынан басталатыны рас.

«Отбасы - шағын мемлекет» демекші, айрандай ұйыған, тату тәтті бірлікте өмір сүріп жатқан қарапайым отбасылар бар. Сондай жанұяның отағасы -Қайыров Нұрым болса,  түтіні түзу үйдің шырақшысы - Дүйсенова Рыс.  

Бірін-бірі демеп, сүйеу бола біліп, өмір бойы ынтымағын жарастырған жандар балаларының қызығына бөленіп, үйдегі ырыздық пен несібені тең бөлісіп отыр.

Отағасы көп жыл теміржол саласында машинист көмекшісі, машинист, одан кейін сол кәсіпорынның кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды.  Жұмыста жайдары қызметкер болса, жанұяда жайсаң әке, жүзі жылы ата.

Жұбайы  Дюсенова Рыс 1970 жылы Мақат кентіне келіп, №472 мектептен алғаш еңбек жолын бастады. Кейін Х.Санбаев атындағы орта мектебінде химия-биология пәнінің мұғалімі  болып қызмет атқарады.

Рыс апай -ұлағатты ұстаз, асыл жар атанып отырған отанасы. Олар қызмет атқара жүріп, балаларына жақсы тәрбие беріп, жоғары білім алуына жағдай жасады.  Ұлдары Нұрлан мен Жансен әке жолын қуып, теміржол саласында еңбек етсе, Зейнел құқық қорғау саласында. Ал, қыздары Гүлбаршын мен Данагүл Нұр-Сұлтан қаласында  қалаған мамандықтары бойынша еңбек етіп жүр. Эльмира-бас есепші, Әлия үй шаруашылығында.

Балаларына тәлімді тәрбиемен қатар білімге деген құлшыныстарын шаңырақ құрған күннен бастап қадағалап отырды. Нәтижесі көңіл көншітерлік.

Балаларының еркеліктерін, аяқ шалынған, қателескен кездерде қателіктерін түсініп, кешіре біліп, ақыл-кеңестерін аямай келеді. Өздерінен өрген ұрпағын жақсылыққа үйретуден жалықпаған әке-шеше бүгінде рахатқа бөленіп отыр.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасында ұлдар әкелерінің бойындағы қасиеттерін үйреніп өскен. Ал анасы  қыздарына бойжеткен уақытында отбасы өмірінің басты міндеттерінен  отбасы беріктігін сақтау, шаруашылықтың барлық жақтарын игеріп жүргізуге, туыстарын сыйлап қадірлеуге тәрбиеледі.  Түйгені көп Рыс апай қыз-келіндерімен өмір тәжірибесімен бөлісіп, болашақ үлкен өмірге дайындады. Абысын мен келіндерін өзара жылы қарым-қатынас пен  түсіністікке баулыды.

Зейнеткерлікке шыққан Нұрым аға мен  Рыс апай бос отырмай, мал шаруашылығымен айналысып, одан өнген табиғи өнімдерін немерелеріне ұсынып отыр.

Осындай берекесі бірлікте ұйыған отбасы татулықты басты байлығы санайды. Ұрпақ тәрбиелеп отырған ұлағатты жанұя жақсылықтың басы – бірлік  пен  сыйластық деп біледі.

А.ТАУМҰРЫНОВА,

сурет автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT