Бүгін аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы аудан активі алдында жаңа орынбасарын таныстырды.
Мақат ауданы әкімінің 2021 жылғы 24 қарашадағы №271-Ө өкіміне сәйкес Жайкин Бекәділ Орынбасарұлы «Мақат ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметінен босатылып, аудан әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен жиында аудан басшысы Ш.Кейкин Бекәділ Орынбасарұлының қысқаша өмірбаянымен таныстырды.
Бекәділ Жайкин 1976 жылы 16 қазанда Атырау облысы, Қызылқоға ауданы Мұқыр стансасында дүниеге келген. 2001-2004 жылдары ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтын «Құқықтану бакалавры» мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 1996-1997 жылдары Мақат ауданы бойынша мемлекеттік тергеу комитетінде тергеуші болып бастаған. 1997-1999 жылдары Атырау қалалық ішкі істер бөлімі, аға тергеуші лауазымында жасаған.
1999-2004 жылдары Құлсары қаласында Жылыой аудандық ІІБ-ң анықтау бөлімшесінің бастығы және 2004-2014 жылдары Мақат аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарған.
2014-2017 жылдары Мақат аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы. 2017-2018 жылдары «KMG security» ЖШС Құлсары филиалының директоры. 2018 жылы 28 маусым және 1 қазан аралығында Мақат кенті әкімі лауазымында қызмет атқарған. 2019-2020 жылдары Мақат аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, 2020 жылдың 31 қаңтарынан осы уақытқа дейін Мақат ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келді.
Аудан басшысы Шәкір Кейкінұлы жаңадан тағайындалған лауазым иесіне қызметіне зор жауапкершілікпен қарап, Мемлекет басшысының сындарлы саясатын жүзеге асыруда, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосатынына сенімін білдірді. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов жаңа орынбасардың әртүрлі қызмет саласындағы тәжірибесіне тоқталып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Өз кезегінде Б.Орынбасарұлы ауданның өсіп-өркендеуі үшін барлық күш-жігерін жұмсауға тырысатынын жеткізіп, артылған сенім үшін алғасын білдірді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі