Тұтқиылдан тұтанып, төрт жыл бойы лаулаған соғыс өрті кімдердің өзегін өртемеді десеңізші. Ұлының жолын тосып зарыққан аналар мен әкесін сағына күтіп жәутеңдеген балалар қай ақынның шығармасына арқау болмады.
Кезінде Расул Ғамзатовтың "Тырналар" туындысы кейіннен күллі кеңес одағынан келмеске аттанған жауынгерлердің рухына арналған әнге айналды емес пе? Тұла бойыңды шымырлатып, жанарыңа еріксіз жас ұялататын жүректен шыққан өшпес өлеңдер біздің өлкеде де бар. Анау жолы амандық сұрасып, өлкетанушы Орақ Денгелбаев атамыздың үйіне барғанымызда бізге беймәлім болған мәліметтерге қаныққанымызды жазған едік.
Ақсақал аудан тарихын қозғай отырып, Ұлы Отан соғысы туралы әңгіме өрбіткенде бәріміздің назарымызды болған оқиғаны баяндайтын бір өлеңге бұрған еді. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы тұсында осы өлеңді сіздердің де назарларыңызға ұсынғанды жөн көріп, тарихшы атамыздың үйіне тағы бір жолымызды түсірдік. Ағайдың айтуынша, "Ана туралы баллада" өлеңінің авторы бүгінде жасы тоқсанды алқымдаған Есболова Нұржамал Рахметжанқызы есімді ана.
Ұлы Отан соғысынан жалғыз ұлы оралмаған кейіпкері Сәнді апаның өмірінің соңғы жиырма жылында асыл ананың тәрбиесін көрген, аялы алақанының жылуын сезінген, ақыл-кеңесін естіген, көп жылдар бойы дәмдес болған жиен келіні екен.
"Ұлы отан соғысына майданға аттанған талай ағаларымыз бен аталарымыздың елге оралғанынан оралмағаны одан да көп болды ғой" деп күрсіне бастады ата әңгімесін. Солардың бірі мақаттық Нәби Махамбетов еді. Ол 1907 жылы Тайсойған топырағында дүниеге келіп, 1930 жылдары Мақат мұнай кәсіпшілігі қарқын ала бастағанда нағашыларымен ілесіп осы өңірге келген. Сәнді есімді жалғыз анасы - Орақ ағайдың әкесінің туған апасы. Келісімен өндіріске жұмысқа тұрған Нәби жер асты жөндеу бригадасының белді қызметкерлерінің бірі болған.
1941 жылдың 22 ші маусымындағы мың жарым мақаттықтың қатысуымен өткен митингіде де төбе көрсеткенін анасы айтып отыратын еді дейді. Соғыстың қызған шағында мұнайшы болу да оңай емес, оларды броньдап ұстаған. Алайда, үкімет сұрапыл соғысқа өз еркімен сұранғасын, 1942 жылдың қыркүйек айында Нәбидің өтінішін қабылдап, бір-екі айлық дайындықтан кейін майданға аттандырады.
Сталинград майданында неміс басқыншыларына қарсы сұрапыл шайқастар жүріп жатқан қараша айының 19-ы күні жауынгер Махамбетов Нәби де сол шайқастардың ортасында болған. 293-атқыштар дивизиясы 1034 полкінің сапында болған сарбаз Махамбетов Нәбидің 19 қарашада Сталинград облысы Клет ауданы Бузинки деревнясы маңындағы ұрыс барысында хабарсыз кеткені туралы «Қара қағаз» 1943 жылдың басында анасы Сәндіге табысталған.
"Ол кезде үйінен азаматы соғысқа аттанған аналарға қамқорлық күшті еді. «Өлді» немесе «Қаза болды» деген хабар болмағанын көңіліне демеу тұтып, күдерін үзбеген ананың жасы да ұлғайды.
1973 жылы маусым айында Сәнді апа қатты науқастанып қалды. Қараған дәрігер: «Жасы нешеде? Кімі бар?»– деп сұрады. 94 жасқа келіп жатқанын, жалғыз ұлы соғыста хабар-ошарсыз кеткенін, қасында Ерғали, Мырзағали інілерінің ұрпақтары-біздерден басқа ешкімі жоқ екенін айтқанымызда, дәрігер: «Жүрегі жас сәбидің жүрегіндей таза екен. Үмітпен сүрген өмірі осыншама жасқа жеткізген ғой», - деді. Біз апамыздың «болмысын» сонда ғана түсіндік. Сол жылы 31 тамызда бақилық өміріне аттанды", - деп еске алды апасын Орақ ата.
Нәбиінен «Хабарсыз кетті» деген қағаз келгеннен бері 30 жыл өткенімен, үміт деген өшпейді. Сол отыз жыл өмірі мақаттықтардың көз алдында өтіпті. Үлкендер жағы Сәнді апаның «Нәбиім келіп қалар деп» Қандыағаш жақтан келетін жолаушылар поезын күнде вокзалға барып күтетінін, поездан түскен әскери адам көрсе, жақындап барып «Соғыстан келесің бе? Ол жақта менің Нәбиімді көрген жоқсың ба?-деп сұраудан жалықпайтынын, шағын ғана пәтеріне амандығын білуге келген кім болса да дастарханын жайып қарсы алатынын, Нәбиі туралы әңгіме айтқанды жаны жақсы көретінін естеріне алып айтып отыратын. Тіпті қонақтыққа көрші ауылға барса да, түнде ұлым келіп, мені таба алмай қалар деп, өзге үйге түнемейді екен. Жалғыз ұлын зарыға күткен ананың кейпін Нұржамал апаның өлеңінен де көруге болады.
А.САДЫКОВ
Нұржамал Рахметжанқызы
АНА ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Сол бір жылы соғыс деген нәубет кеп,
Сан адамның көзін көлдей селдеткен...
Уа, адамдар, жадыңда ма сол уақыт,
Әйел елге бас боп қалып, ер кеткен.
Ұлы Отан соғыс уағы – күйік-ән
Сан адаммның әз ғұмыры қиылған
Біздің елдің ерлері де аттанған.
Жігерлерін жұдырыққа түйіп ап...
Ей, жас ұлан, құлағың сал, қарағым,
Ол күндердің солай еді талабы.
Айтары аз дейсіңбе, бұл дүниеде,
Отты кезді көрген мендей ананың?!
Сол сұм соғыс қанша жанды сынаған,
Қанша көзді көз жасына шылаған?!
Халайық-жұрт «Сынды апа» деп атаған
Мақат деген жерде тұрды бір анаң.
Бара қалсаң амандық-хәл сұрасып,
Отырады ұлы жайлы сыр ашып.
Ұлына арнап салып қойған костюмін,
Көрсетеді шабаданын мың ашып...
Көңіл шіркін жамандыққа сене ме,
Жігерліні уайым-қайғы жеңер ме?!
Отырады ғазиз ана үмітпен:
«Аман-есен Нәбижаным келер» - деп.
Әр адамға өлшеп қойған – кесіп бір,
Алла өзі бұйырады несіпті.
Келеріне иманындай сенетін,
Бірақ оның, Нәбижаны кешікті...
Тағдырының кім құтылсын биінен,
Ғазиз ана жабырқаулы күйімен,
Басқа қоныс берсе де елі көшпепті,
Ұлы өскен тым кішкентай үйінен.
Ана өмірін тек ұлымен өлшеген,
Себебі оның болды үйінен көшпеген:
«Нәбижаным үйді таппай қалады,
Аман-есен сол соғыстан келсе» - деп...
Солай деген, ана көңілі қандай-ды,
Кіршіксіз пәк жаңа атқан таңдай-ды.
Сынды апа «Нәби таппай қалар» деп,
Ешуақытта қонаққа да бармайды.
Жеткізбеген арман шіркін, арман ба?!
Анадайын дана барма жалғанда?!
«Нәби жаным оралса үйге, тойыма
келесің ғой» дейді екен барғанға.
Аспан асты шуақ-нұрға оранып,
Мейірі түсіп жарықтық күн жамалы.
Жатты сонда жауынгерлер соғыстан,
Ел-жұртына аман-есен оралып.
Өтті көп ай, жылдар жылжып, сан апта,
Жалғыз ұлы келмеді әлі, бірақта.
Ана-жүрек жаңылмады күтуден,
Тағдыр берген дәл осынау сынақта.
Аруанадай ботасы үшін боздаған,
Қыста, қандай боранда да, жазда да,
«Отын жиып келейін» - деп таңменен,
Кетеді екен күн сайын ол вокзалға!
Вагон санын тауысады санаумен,
Талдыратын көзін солай қараумен.
Дәп бір келіп қалатындай жалғызы,
Желбіреген қызыл тумен, жалаумен.
Ана-жүрек! Көп қой оның тылсымы!
Таусылмайды қашанда оның нұр-сыры!
Ойнап жүрген балалардың жанында,
Ұзақ тұрып, кетеді екен күрсініп...
Үзілмейді үміті еш ананың,
Дүниенің болсын сондай бар әні.
Үкімітке іздеу қағаз жіберсе,
Белгісіз деп айтып келді хабарын.
Өлді деуге өз баласын қимады,
Сағынышын сары алтындай жинады.
Өлді деген бірақ хабар келген жоқ,
Сондықтан ол іздеуін еш тыймады.
Қарайлаудан өзге ештеңе білмеген,
Нәбижанын ойламай көз ілмеген,
Сынды апа іздепті ұлын отыз жыл,
Сол отыз жыл күтуменен күнбе-күн.
Жаманатқа, Ана, әсте сене ме?!
Үміт-пырақ тынбай-таппай көне ме?
Бұл пәниде күткен күнің келмесе,
Өмір деген жалған емей немене?!
Өткен күн бұл, қозғадық біз жарасын,
Реттейді оны тарихтың бір парасы.
Махшар күні қолдасын Алла, ананың,
Отан үшін шейіт болған баласын.
Ана деген ары емес пе әлемнің?!
Аналардың мейірімімен көгердік.
Тіпті мынау жарық өмір, жер-дүние,
Аналардың алақаны дер едік.
Ғаламға нұр төгер мәңгі бәйтерек,
Ана! Ана! Сен болмасаң нетер ек?!
Күллі әлемге жарығы тең түсетін,
Ана сені аспанда Күн, Ай дер ек!
Жариясыз қалып жатқан жасырын,
Бір әнімен тербетер көп ғасырды.
Ей, адмдар, бұл пәни дүниеде,
Көріп пе едің, Анадан асқан асылды?