Балаларға арналған оңалту бөлімшесі ашылды

(0 Votes)

Ауданда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оңалту бөлімшесі ашылды.

Аудандық емхана ғимаратынан орын берілген «Жартылай стационарлық үлгідегі ұйымның күндіз болу бөлімшесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі психоневрологиялық ауытқулары бар, тірек қимыл аппараты бұзылған балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Ол үшін аудан бюджетінен 18 млн теңге қаржы бөлінген. Заманауи талапқа сай жабдықталған бөлімшенің бөлмелері әдістемелік құралдармен толықтырылып, балалардың сауықтырылуына бар жағдай жасалған. Мекеменің ерекшелігі үйдегі мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға етене араластыру, бейімдеу, дамыту болса, оларды үйде бағып-қағып отырған отбасы мүшелерін бала күтімінен босатып, жұмысқа орналастыруына мүмкіндік жасайды. Орталықтың ашылу салтанатына еңбек ардагерлері, аудан әкімі аппаратындағы жауапты бөлім басшылары, мәслихат депутаттары, әлеуметтік сала қызметкерлері, медицина қызметкерлері, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары қатысып, игі істің бастамасына куә болды.

Жиналғандар алдында сөз алған аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев елімізді мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз аймаққа айналдырып, әлеуметтік қамту бағдарламалары аясында оңалту, сауықтыру шараларын ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды. Аудан басшысы бөлімше қызметіне сәттілік тілеп, алдағы уақытта да мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан жасалатын әлеуметтік қолдау шараларының жалғасын табатынымен сендірді. Балаларының қоғаммен етене сауықтырылу шараларымен қамтылуы үшін жасалған бар мүмкіндікке ие болған ата-аналар ризашылығын білдірді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов пен еңбек ардагері Қаби Талпақов жаңа бөлімшенің лентасын қиды. Бөлімшенің директоры қызметінің тізгінін әлеуметтік сала маманы Данагүл Жолдасова жауапкершілігіне алып, қазір онда 8 қызметкер еңбек етеді. Мұнда 1 жас 6 айдан бастап 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жеті түрлі : тұрмыстық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетеді. Қазіргі таңда аудандағы 170 мүмкіндігі шектеулі баланың 44-не үйден арнаулы қызмет көрсетіледі. 20 балаға арналған орталыққа бүгінгі күні 16 бала қатынап жүр. Олар күндіз 4 сағат болып, құрғақ тамақтандырылады. Болашақта бөлімшені кеңейтіп, күніне 30 баланы, аптасына 5 жұмыс күні ішінде 8 сағатқа қабылдап, ыстық тамақпен қамту жоспарлануда.

Л.НҰРБАЕВА.

Суреттерді түсірген: Т.Алмагүл

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521