Бүгін елге есеп берушілердің тізімін Бәйгетөбе ауылдық округі әкімі Қоныс Тулеуов толықтырды. «Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай» кешені акт залына жиналған ауыл тұрғындары мен қатар аудан әкімі Ш.Кейкин сондай-ақ бірнеше бөлім басшылары аталмыш ауылдық округтің 2019 жылғы әлеуметтік – экономикалық даму қорытындылары және алдағы тұрған міндеттері туралы қорытынды есепті тыңдады.
Бірнеше елді мекендер мен бекеттерден құралған бұл ауылдық округтегі адам саны алдыңғы жылмен салыстырғанда азды-кем болса да кеміген. Бұған тұрғындардың Мақат кентіне немесе Атырау қаласына көшіп кетуі себебімен түсіндірді Қ.Тулеуов. Тиісінше дүниеге келген сәбилердің саны да салыстырмалы түрде сәл аздау екен.
Әкім мырза әлеуметтік сала, білім беру саласы, денсаулық сақтау саласы сынды көптеген бөлімдердің жілігін шағып тұрып, деректер мен сандарды да сөйлетті.
Атқарылған істер мен жүзеге асар жобаларға қанық болған халық жиынды әрі қарай көкейінде жүрген көп сұрақтармен өрбітті. Іш-аралық жолдың толығымен нақты қашан жасалынатынын сұраған Диас ақсақал, ауыл ішіне аялдама салынса деген тілегін де жасырмады. «Егілген 500 түп ағаштан 50 ағаш көктемейді, осының орнына 200 ағаш егіп қалған 300 ағаштың ақшасына сол теректерді қарайтын кісі қоймай ма?», деп кейіді қария. Сондай-ақ ауылдың жартысынан көбі теміржолшылар, бала-шағасы бар, басқасы бар ең болмаса көпірге дейін жаяу жүргіншілер жолы керек қой деп ұсынынсын білдірді.
Бұл ретте ауыл әкімі қолдан келгенше қарап қалмай жолдың қыртыс-тыртысын екі мәрте қырғызғанын айтып өтті. Ал аудан әкімі болса жаяу жүргіншілер жолын ЖКҚ арқылы немесе абаттандыруға бөлінетін қаржы арқылы да шешуге болатынын айтып қалды.
Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
А.САДЫКОВ
Суреттер автордікі