Қазақ биін әлемге танытқан Аслан

(0 Votes)

“Мақат маңайынан...” атты айдарымыздың жаңа кейіпкері мұнайлы мекеннен түлеп ұшқан, ерекше өнер иесі, бүгінгі таңда Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде педагог-хореограф болып қызмет ететін Аслан Тілеуғалиев.

Өнерді жанына серік еткен жерлесімізді аудан жұртшылығына жақыннан таныту үшін кейіпкерімізбен телефон арқылы байланысқан едік.
Аслан Сержанұлы 1989 жылдың 21 ақпанында Доссор кентінде дүниеге келген. Отбасында 4 баланың кенжесі болып өскен оның кішкентайынан би өнеріне деген қызығушылығы басым болады. Алғаш мектеп табалдырығын 1995 жылы А.Құнанбаев атындағы жалпы қазақ орта мектебінен аттап, 2006 жылы сол білім ордасынан түлеп ұшады.


«Биге деген қызығушылығым кішкентай кезімнен басталды. Балабақшаға барып жүрген кезімде би де билеп, ән де айтып жүрдім. 2001 жылы Доссордың 90 жылдығы болып, сол кезде би хореографиясы ашылған болатын. Алғашқы жылдарда келуге ұялдым. Себебі, би үйірмесінде тек қыздар ғана болатын. Одан соң, менің биге деген қызығушылығымды сыныптас қыздар байқап, сол жердегі мұғалімдерден сұрастырып, мені осы үйірмеге алып келді. Осылайша биге 7 сынып оқып жүрген кезімде келіп, би үйірмесіндегі жалғыз ұл бала болдым. Содан бұл өнерге қызығушылығым одан сайын артып, көптеген концерттерде өнер көрсетіп, танылып жүрдім. 11 сынып оқып жүргенімде би өнерін таңдауыма ата-анам, туыстарым қарсы болды. Бірақ, мен ешкімнің сөзіне құлақ аспай, Алматы қаласына оқуға түскім келді. Содан, өнердегі ұстазым Ақмарал Жұмағалиева маған Орал қаласына оқуға түсуге кеңес берді. Сөйтіп, емтихан тапсыруға бардым. Бір жағынан маған қатты ұнағаны - ол жақта ер азамат ұстаздар мен өзім қатарлас осы бағытты таңдаған ер балалар да көп болды”,- деп би өнеріне келген жылдарын есіне алды Аслан.


Осылайша кейіпкеріміз 2006 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 2010 жылы педагог-хореограф мамандығын алып шығады. Сонымен қатар, 2019 жылы Батыс Қазақстан Академиялық университетінің “Педагогика” магистратурасын тәмамдап, педагогика ғылымдарының магистрі атанады.

7d216296-8530-47b9-8f26-0a97ef262d78
Жерлесіміз, осы уақыт аралығында көптеген дүбірді додаларда жеңімпаз атанып, биік белестерді бағындырған. Атап айтқанда, 2 курс оқып жүргенінде 2008 жылы Польша еліндегі Легница қаласында білімін жоғарылату мақсатында, қазақ биімен барлық қалаларында гострольдік сапармен танымал сахналарында өнер көрсеткен. 2013 жылы Италия еліндегі Милан академиялық колледжінде студенттерге сабақ беріп, Италиядағы Бүкіләлемдік СІD (consul international of dance) UNESCO би кеңесінің мүшесі атанған. 2013 жылы Ресей еліндегі Санкт-Петербург қаласында Халықарлық семинарда 90 елден келген биші педагогтарға “Қазақ биінен” семинар өткізіп, сабақ беріп, конкурстарында төрешілік еткен. 2014 жылы Австрия, Словакияда өткен Халықаралық конкурстарға қатысып, білімін жоғарылатып, шеберлік сабағын өткізген. Сонымен қатар, Түркия, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінде білімін жоғарылатқан.


Аслан бүгінде елімізде өтетін халықаралық, республикалық, облыстық конкурстарда төрешілік етіп келеді. Ол Орал қаласында өтетін “Қала күні”, “Мисс Орал” тағы да басқа жобаларда қоюшы режиссер екендігінде сөз арасында тілге тиек етті.


Сондай-ақ, Асланның жыл сайын өткізетін “Көктем вальсі” атты жобасы бар. Биыл аталмыш жоба 12-ші рет өткізілмек. Ол жобада 50 жұптан, 100-ден аса қатысушылар қатысып, XIII-XX ғасырлардағы билерді билейді. Ал, осыншама қатысушыны биге икемдеу – кейіпкеріміздің сүйікті жұмысы.
Мұнайлы мекеннен қанат қаққан өнерлі Асланның бүгінге дейін жеткен жетістіктері жетерлік. Әрине, 1% талант болса, қалған 99%-ы еңбектің, ізденудің арқасы. Соның нәтижесінде, бүгінде Бүкіләлемдік СІD UNESCO би кеңесінің мүшесі атанып, ҚР “Өнер саласының үздігі”, ҚР “Мәдениет майталманы”, ҚР “Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін” төсбелгісі, ҚР Білім министрінің “Құрмет грамотасы”, ҚР Мәдениет министрінің “Алғыс хаты”, Батыс Қазақстан облысы әкімінің, қала әкімінің, білім басқармасының және халықаралық, республикалық семинарлардан құрмет грамоталар мен алғыс хаттармен марапатталған.
Жерлесіміз бір орында тұрып қалмай, үнемі ізденіс үстінде көптеген жерлерде қызмет атқарған. Атап айтар болсақ, 7 жыл бойы облыстық жастар шығармашылық орталығында балет әртісі, 2 жыл гуманитарлық академия университетінде оқытушы болды. Қазіргі таңда Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде және облыстық мамандандырылған мектепте педагог-хореограф болып жұмыс істейді. Сонымен қатар, болашақ модельдерге сабақ беріп, конкурсқа дайындайды. Одан бөлек, карантин уақытында Доссор мәдениет үйіне және Р.Ғабдиев атындағы балалар өнер мектебіне шақырту алып, ауылға келгенде сабақ беріп кететіндігін де айта кеткеніміз жөн.


“Өз жерімде өзім секілді шәкірт тәрбиелеуге ниетім де бар. 2001 жылы Доссор мәдениет үйі ашылғанда көптеген бишілермен бірге келдік. Бүгінде әрқайсысы өз алдына біраз жетістіктерге жетті. Қазіргі таңда мен ауылдағы мәдениет үйі және өнер мектебінің оқушыларына сабақ беремін. Болашақ кішкентай жұлдыздарға қарасам, олармен дұрыстап жұмыс жасап, көтерілуіне себепші болғым келеді. Танымалдылықтың бәрі ауылдан шығады. Мен оны әрқашан мойындаймын, мойындап келемін. Сондай-ақ, оған қазір көптеген мүмкіндіктер бар. Ең бастысы, өзіңе сену және ата-ананың қолдауы керек. Сол кезде үлкен деңгейге жетесің. Бұл жалғыз өнерге емес, басқа да салаларға байланысты. Егер де аудан, кент әкімдері жақсы жобалармен шақыртып жатса, мен қашанда қолдау бірдіремін және көмектесуге дайынмын. Әрине, бұл жағдайда әртүрлі идеялар мен шақыртулар болып, қаражат бөлінуі керек”,- дейді Аслан Сержанұлы.
“Жігітке жеті өнер де аз” демекші, бүгінде өнерін білімге ұштастырып, шәкірт тәрбиелеп жүрген Аслан мамандығының қыр-сырымен де бөлісе кетті. “Ең бастысы-мамандықты сүю. Әркім өз жұмысын жақсы көрсе үлкен деңгейге жетеді деп айта аламын. Және жалқау болмау керек. Соның ішінде өнер адамды жалқаулыққа үйретпейді. Мысалы мен демалыс күндері де жұмыс істеймін. Айына 1-2 рет ауылға келіп өнер мектебінде сабақ беріп кетемін. Басқа қалаларға жұмыс бабымен барып тұрамын. Ашығын айтқанда, менде бос уақыт жоқ. Сондай-ақ, әрқашан идеялармен жүру. Ол үшін театрларға, музейлерге жиі барып, саяхатқа шығу керек. Сонда ғана сенің идеяларың да мықты болады,- дейді ол.


Сөз соңында мұнайлы мекеннің мақтанышы - Асланның алға қойған мақсаттары мен жоспарларына да құлақ түрдік.


“Алдағы жоспарларым өте көп. Неге десеңіз, мен Қазақстанның көптеген қалаларындағы университеттерден жұмысқа шақырту алдым. Жыл сайын соны ойланамын. Бірақ, Оралдан кеткім келмейді, неге екенін білмеймін… Биылғы сәуір айында Франция, Португалия, Венгрия елдеріне шеберлік сабағын өткізуге жол жүргелі отырмын. Және жазда Америка Құрама Штатының үлкен академиясында білімімді жоғарылатпақпын. Ол жаққа да жұмысқа шақыртқан. Егер бәрі жақсы болып жатса, жұмыс жасауға болады деп ойлаймын. Бірақ, бәрі Алланың қалауымен. Ал, қазіргі таңдағы ең маңыздысы денсаулығым мен отбасымның амандығы. Және жақсы жобалармен жұмыс жасап, шәкірт тәрбиелеу”,- дейді кейіпкеріміз.


Иә, қарапайым ауыл баласының бүгінде үздік сахналарды мойындатып жүргені – оның мақсатқа жету жолындағы ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының арқасы. Сондықтан, Асланның өнерге деген махаббаты мен ерекше дарындылығы оны әлі талай биік шыңдарға жеткізері анық.

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT