Қоғамдағы кез-келген азамат адам болсам, адал болсам, ата-анама халқыма еңбек етсем, жақсылармен жанаса жүріп, солардан үйренсем дейді. Адал адам еш нәрседен қорықпайды. Өкінішке орай, қоғамдағы мына бір келеңсіз көрініс туралы да айтқым келеді. Бүгінде ұсынылған жұмыстан бас тартып, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекке қол жайып күн көруді әдет қылған адамдардың қатары азаймай тұр. Бұдан бөлек, өзі несие алып, қарызын қайтаруға келгенде құлықсыздық танытатын да азаматтар бар. Бұл барып тұрған масылдық психология! Мұндай ойды түбегейлі өзгерту керек.
Масылдық – қоғам індеті. Ол ұлт¬тың деградацияға ұшырауына түрткі болады, алға басқан мемлекетті кері тартады. Ендеше, ұлтты ол кесірден арылту – тәуелсіздікті тұғырлы, өркен¬деуді өрісті етудің шарты болмақ.
Адал еңбекпен несібесін табу – Пайғамбардың жолы. Ал, ата-анасын, әйел, бала-шағасын және туыстарын нәпақамен қамтамасыз ету – отағасының міндеті. Әрбір мұсылман оған селқос қарамай мойнына жүктелген борышын жауапкершілікпен орындауы тиіс. Бірақ бізде көптеген азаматтар еңбек етпей, жалақсы аз жұмыстарға бармай жанұясына масыл болуда. Хакім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп адал табыс табуды өсиет етіп кеткен. Біздің бұрынғы бабаларымыз «тоқтық не дегізбейді, аштық не жегізбейді» деген екен. Масылдық мәселесі тәрбиеге келіп тіреледі. Мұндайда баланың жақсы болуы ата-анадан ғой деген тұжырымға келеміз.
Пролетариаттың көсемі Карл Маркс «Еңбек - әлемнің әміршісі» деп бағаласа, қазіргі таңдағы рухани жаңғыру бойынша жеріне, еліне қызмет ету патриоттық сезімнен туындайды. Сондықтан ұлттық тәрибені насихаттау керек.
Қорытындылай келе айтарым, қоғам, ел дамуына кері әсер ететін кері көзқарастан арылып, ерен еңбек, тынымсыз тіршілік арқылы мемлекеттің өсіп-өркендеуіне атсалысу - әрбір азаматтың адал борышы.
Сәбит ХАЛЕНОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы