Аудандағы ахуал қалыпқа түсті

(0 Votes)

Дүниені дүрбелеңге салып, қорқыныш құшағына ораған коронавирус індетінің қаупі әлі де сейіле қойған жоқ. Еліміздің аты жаман аурумен арпалысқанына алты айға жуық уақыт болды. Бірінен соң бірі жалғасқан карантиндік шектеу шаралары тұрғындарға оңай тиіп жатпағаны жасырын емес. Бірақ тәртіпке бағынып, сақтық шараларын орындау ең алдымен өзіміздің бас амандығымыз үшін керек.

Дегенмен айдан-айға созылған шектеу шаралары өз нәтижесін көрсетті. Бұлт артынан күн шығатыны секілді, Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметінше, елімізде коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтап, жағдай айтарлықтай жақсарған. Жағымды жаңалыққа қуанбаған жан жоқ шығар, сірә.

Осы орайда «аудандағы ахуал қандай?» деген сұрақ туындайтыны белгілі. Бұл туралы білу үшін аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гауһар Тоғаевамен тілдескен болатынбыз.

Еске сала кетейік, қауіпті індет өңірде ең алғаш 17 мамырда тіркелген болатын. Мамыр айында 11 дерек анықталса, маусымда - 45, шілдеде -221, тамызда -1 науқас тіркелген. Ал, тамыз айының төртінен бастап ауданда індет жұқтырған науқастар саябырсыған.

– COVID-19 індеті ауданға қарасты екі кент және бір ауылдық окургтен тіркелді. Соның ішінде басым көпшілігі, Мақат және Доссор кенттерінің үлесінде. Вирусты 1 жасар баладан 90-нан асқан қарияға дейін жұқтырды десек, соның ішінде 50 жастан жоғары  тұрғындар арасында жиі анықталып отыр. Бұл әлі де болса, карантин режиміне қарамастан, жастардың ойын-сауық басқосуларға, үлкен кісілердің ас беру, үй жағдайында беташар секілді көпшілік іс-шараларға баруының тыйылмай отырғандығын байқатады. Сондай-ақ, инфекция таралуының алдын алу мақсатында жалпы республика көлемінде наурыздың 16-сы мен 11 мамыр аралығында төтенше жағдай жарияланған болатын. Сол уақытта ауданнан ешқандай науқас тіркелмеген болатын. Төтенше жағдай алынғаннан кейін, яғни, 12 мамыр мен 5 шілде аралығында ауруға шалдыққандар саны 102-ге жетті. Бұл тағы да аурудың тыныс алу арқылы тез жұғатынын көрсетті, – дейді аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гауһар Тоғаева.

Жалпы өңірде ауру жұқтырған 279 адам анықталса, оның 137 дерегі Мақат кенті бойынша, тағы 137 жағдай Доссор кенті бойынша тіркелген. Ал, Бәйгетөбе ауылдық округі бойынша 5 науқас  тіркеліп отыр. 8 тамыздағы мәлімет бойынша 271-і емделіп шыққан. Деректерге сүйенсек, шілде айында науқастардың саны шарықтап кеткен. Бір тәулікте, яғни, 8 шілде күні 36 науқас тіркелген екен. Сондай-ақ, бұл айда бір күннің ішінде 31, 19, 16 науқастың тіркелген жағдайлар бар.

 Індет жұқтырғандар арасында медицина қызметкерлері де бар. Мәселен, өңірде 28 сала қызметкері індет ілмегіне іліксе, оның 15-і КВИ, 13-і пневмония бойынша аурудан аяққа тұрған.

«КВИ-мен ауырғандардың нәтижелері зертханамен расталды. Олардың медициналық қызмет көрсету кезінде жұқтырғандығы мақұлданып, бүгінгі күні 2 млн теңге қаржы беру мәселесі облыс әкімдігінің комиссиясында қаралып жатыр», - деді ауданның бас санитарлық дәрігері.

 Толығырақ газетіміздің кезекті санынан оқи аласыз!

М.ІЗТҰРҒАНОВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT