Елімізде орын алып жатқан әлеуметтік-экономикалық жаңғырулармен қатар, мемлекетіміздің саяси өмірінде де оң өзгерістер бой көрсетіп, жаңа технологиялар мен тәсілдер айналымға енуде. Солардың бірі – батыс елдерінің сайлау тәжірибесінде жүйелі түрде қолданылып келе жатқан партиялық праймериз ұғымы. Негізі, осы термин ағылшынның Primary сөзінен шыққан. «Алдын ала» деген мағынасы бар сөз ол. Дәлірек айтқанда, термин ретінде primary election – «алдын ала, бастапқы сайлау» деген сөздің құбылуынан пайда болған. Қысқаша айтқанда, праймериз дегеніміз – негізгі сайлауға беделді, халыққа сөзі өтетін, көптің көңілінен орын алған үміткерлерді шығару мақсатында партияның өз ішінде жасалатын таңдау. Яғни «партия ішіндегі сайлау» десек те болады.
Праймериз үш кезеңнен тұратыны белгілі болды. Бірінші кезең – 17 тамыз – 29 тамыздың арасы. Бұл уақытта үміткерлерді ұсыну мен тіркеу жүзеге асады. Екінші кезеңде кандидаттар 31 тамыздан 3 қазанға дейін үгіт-насихат жұмысын жүргізе алады. Дауыс берудің өзі үшінші кезеңде өтеді. Бұл мезгіл 1 қазаннан бастап 3 қазанға дейін болмақ. Яғни, жазда басталған науқан күз айында аяқталады деп жоспарлануда.
Жыл басынан бері аудандық партия филиалы бойынша Праймеризге қатысуға 28 үміткер ниет білдірді. Оның ішінде: 14 әйел қатысушы (50%), 14 ер қатысушыны (50%), 35 жасқа дейін 14 қатысушыны (50%) құрайды.
Барлық санитарлық талаптар сақтала отыра, наурыз айынан бері ұйымдастыру комитеті және есеп комиссиясы мүшелері, бастауыш партия ұйым төрағалары партиялық кадрлық резервке үміткерлермен бірге праймеризді ұйымдастыру, түсіндіру мақсатында жиындар өткізіліп келеді.
Праймериздің аясында ашық пікір-сайыс өткелі отыр. Жұрттың көкейінде жүрген түйткілді мәселелерді еркін талқылауға бұл да болсын, зор мүмкіндік. Күрмеуі қиын мәселеге назар аударып, шешілуіне ықпал ету үшін праймериздің көмегі бар.
Бүгінгі күні аудандық партия филиалының ұйымдастыруымен праймериз ережесіне сай 4 арнайы дебат өтетін орындар жасақталды. Олар Мақат аудандық мәдениет үйі, жастар орталығы, орталық кітапхана және Доссор кентіндегі мәдениет үйі. Барлық дебат өтетін орындарда интернет желісі орнатылған. Дебат қыркүйек айының 14-30 аралығында өтеді деп жоспарлануда.
Мақат ауданы бойынша бүгінгі күні 9 бастауыш партия ұйымынан дауыс беруші 1923 партия мүшелерінің, оның ішінде 200 Jas Otanдықтардың тізімі жасақталды. Бұл сайлау науқанының бір ерекшелігі тек «Нұр Отан» партиясында бар тұрғындар ғана сайлаушыларға дауыс бере алады.
Бұл тәсіл партияның бастауыш ұйымдарының жұмысын жандандыратын болады. Бастауыш ұйымдар белсенді болса, орталық аппараттың ықпалы азайып, саяси ұйым мен халықтың арасы жақындай түспек. Бастауыш ұйымдар өз кезегінде бұқарамен тығыз байланыста жұмыс жасаса, халықтың да саяси белсенділігі артатын болады. Сонымен қатар, бұл тәсіл- азаматтық қоғам үшін жақсы мектеп. Партиялық тізімнің сапалық құрамында әйел азаматтардың үлесін 30%-ға, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20%-ға және көпбалалы ана, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен басқа да әлеуметтік топтардың өкілдерінің болуы болашақта партия қатарында креативті жастар мен өзекті мәселелерді көтеретін мүшелердің саяси ұйымның «бойына қан жүгіртудің», партияны саяси нарықта бәсекеге қабілетті етудің тиімді тәсілі деп білемін.
Праймеризге партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген қазақстандық үміткер бола алады. Егер кандидат партия мүшесі болмаса, ол праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партия қатарына қосыла алады. Сондықтан партия мүшелерімен қатар қоғам өміріне бей-жай қарамайтын, дарынды да креативті барша қазақстандықтарды алдағы праймеризге белсенді қатысуға шақырамын.
Шәкір Кейкин,
аудан әкімі,
«Нұр Отан» партиясының Мақат аудандық филиалының төрағасы