Ауданда отбасы күніне орай жалпы ата-аналар жиналысы өтті (+ВИДЕО)

(0 Votes)

 Доссор кентіндегі Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің базасында 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай «Отбасы – тәрбие бастауы» тақырыбында аудандық жалпы ата-аналар жиналысы өткізілді. Аталмыш шара аудандық білім бөлімінің бастамасымен аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімі және аудандық ауруханамен бірлесіп ұйымдастырылды. 

Шараға аудандық білім бөлімінің мамандары, әдіскерлері, білім беру ұйымдарының басшылары және тәрбие жөніндегі орынбасарлары, психологтар, сынып жетекшілер, мектеп кітапханашылары, әкелер мен аналар кеңесінің төрағалары мен мүшелері және ата-аналар кеңесінің төрағалары мен мүшелері барлығы 350 ата-ана қатысты.

Алғашқы боп сөз кезегін алған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол Долдашев барша жиналысқа қатысушы ата-аналарды Отбасы күнімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі.

«Ата-аналардың көбісінің мектеп жиналыстарына қатыспайтыны жасырын емес. Бұл өз кезегінде, ата-аналардың балаларының болашағына немқұрайлы қарауына әкеп соқтырып жатады. Сол себепті де ата-аналардың жиналысына барынша мән-мағына беріп, сынып жетекшілерімен, мұғалімдерімен, мектеп басшылығымен сөйлесіп, сұрақтарына жауап алуға пікірлесулеріне жағдай жасауға тырысып отырмыз», - деді ол.

Сонымен қатар, бөлім басшысы ауданның білім саласында болып жатқан жаңалықтармен таныстырып, биылғы оқу жылының аяқталуы туралы және ҰБТ төңірегіндегі мәселелерге тоқталып өтті.

Бұдан кейін А.Құнанбаев атындағы орта мектебінің психологы Марал Табынаева «Балаларды буллинг пен кибербуллингтен қорғау» тақырыбында тренинг өткізіп, соңында тыңдаушылармен ой бөлісті. Әрі қарай шара бағдарламасына сәйкес, аудандық прокуратураның прокуроры Торыбек Аруов аудандағы болып жатқан өзекті мәселелер туралы айтып өтсе, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі әйелдеге қатысты зорлық - зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы полиция капитаны Кәмшат Серікбаева әйелдерге қатысты зорлық – зомбылықтың алдын алу мақсатын түсіндірді. Осы ретте жергілікті полиция қызмет тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Құралай Есенова жасөспірімдер арасында төбелес, түнгі мезгілде ата-анасыз көшеде жүру, оқушылардың мектепке кешігіп келу оқиғалары жиі болатынын айтты.

Сонымен қатар, аудандық аурухананың педиатры Бағытжан Мұсағалиева қазіргі кезде балалардың екпе алулары төмен көрсеткіште екендігіне тоқталса, аталған аурухана директорының ана мен бала ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Ізтілеуова қыз балалардың ерте жүктілігінің алдын алу жолдарын түсіндіріп өтті.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша «Отбасы бақыт мекені» тақырыбында Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің кітапханашысы Сәуле Жасарова баяндама жасады. Ол аудан мектеп кітапханалары да қайта жаңғырту мен оқушыларды кітап оқуға баулу мақсатындағы республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы басталғанын, жоба аясында отбасылық оқудың жарқын дәстүрлерін жаңғырту, оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру, кітапхана қорын көркем әдебиетпен толықтыру, мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасы нығайтылғаны туралы айтты.

«Мектеп кітапханасында қаншама әдеби кітаптарымыз баршылық. Бәрімізді өнерлі болуға тәрбиелеп, талай ғажайып істердің құпиясын ашуға көмектесетін ақылдың кені кітапта. Сондықтан «Жақсы кітап – ақылдың кені, кісіліктің кілті» демекші, мектеп оқырмандарын әдеби кітаптарды оқуға шақырамын», - деп сөзін түйіндеді мектеп кітапханашысы.

Шара соңында аудандық білімі бөлімінің басшысы Айбол Темірбайұлы қойылған барлық сұрақтарға жауап беріп, өзге де мәселелердің шешімі табылатынына уәде берді.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT