Бүкіл әлем жұртшылығы 15 мамыр күні Халықаралық отбасы күнін тойлайды. Атаулы күн 1993 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясымен бекітіліп, 1994 жылдан бері атап өтіліп келеді.
Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы десек, отбасының аман-саулығы – әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Тіпті, біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрде жатыр. Осы орайда біз Отбасы күні қарсаңында ауданымыздағы көпбалалы Сисенғазиевтер отбасымен тілдескен болатынбыз.
Сисенғазиевтер отбасы – аудан жұртшылығына жақсы таныс. Олар 8 қызды тәрбиелеп өсірген үлгілі жанұя.
Үйдің отағасы Ерболат Сисенғазиев 1975 жылы, отанасы Гүлбаршын Жұмағазиева 1976 жылы Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Мақат кентіне қоныс аударған олар бүгінде мұнайлы өлкенің тыныс-тіршілігімен тыныстап, еңбек етіп келеді. Отағасы Ерболат – Мақат желілік өндірістік басқармасында механизатор болып қызмет етсе, отанасы Гүлбаршын Л.Шахатов атындағы орта мектепте аспазшы болып жұмыс жасайды.
Отбасының ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген құндылықтарын жақсы білетін Сисенғазиевтер бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктерімен бөлісті.
«Жұбайым екеуміз де көпбалалы отбасыдан шықтық. Сондықтан, үлкен отбасы болу ата-ана үшін мерей және жауапкершілігі жоғары екенін жақсы білеміз. Ұлттың қасиеті саналған қыз баланың орны қашан да жоғары. Сондай-ақ, қыз бала өмірге келсе, бақ келеді, шаттық келеді ғой. Мен үшін әр қызымның орны ерекше, тәтті. Оларды қатардан қалдырмай өсіруге тырысып келемін. Сондай-ақ, еркелетіп, тәрбиелік әңгімемді үнемі айтып отырамын», - дейді көпбалалы әке.
Сисенғазиевтердің отбасын құрып, тату-тәтті өмір сүріп жатқандарына биыл 26 жыл. Олардың Перизат, Жанат, Жарқынай, Айсұлу, Арайлым, Ақниет және Інжу-Маржан атты егіз қыздары бар. Перзенттерінің алды 25, кішкентайлары 8 жаста. Ал тұңғыштары Перизат пен Жанат бүгінде білікті маман иесі, асыл жар, аяулы ана атанған.
«Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» - деген жақсы сөз бар. Сондықтан, әр бала өз несібесімен туылады. Отбасының берекесі – балада. Бала – ең алдымен анаға күш-қуат беріп, бақыт сыйлайды ғой. Содан болар, қыздарымның қуанышына масаттанып, әрбір жетістігіне мақтанып отырамын. Сондай-ақ, қыздарыма бәрін үйретуге тырысамын. Ең алдымен тазалыққа ұқыпты болуға, тамақ әзірлеуге үйретемін. Олардың айтар ойын тыңдап, әкесі екеуміз еңбекке баулып, жақсылық жасауына ерекше мән береміз. Айта кетерлігі, қыздарым әкелеріне өте жақын. Ойларын ашық айтып, сырласады. Жалпы, көпбалалы ана болу – мен үшін үлкен бақыт. Оның ешқандай қиындығын көрдім деп айта алмаймын. Жас кезімде қыздарым дүниеге келген сәтте енем көп көмектесті. Кейіннен алды өсе бастап, кейінгілерге қарайласатын. Тіпті, солардың арқасында кішкентай қыздарымның қалай өсіп кеткендігін байқамай қалдым», - дейді отанасы Гүлбаршын.
Айта кетейік, шаңырақтың ұйытқысы – Гүлбаршын Ерболатқызы алтын алқа иегері. Бүгінде ол еліміздің демографиясына үлесін қосып жүрген бақытты ана.
«Жалпы, біздің шағын мемлекетіміздегі қарым-қатынас ұлттық құндылықтарға негізделген. Ең алдымен, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуі – басты қағида. «Отан – отбасынан басталады» дегендей, отбасындағы мықты тәрбие қай жерде де өз нәтижесін берері анық.
Біз үшін – әр баланың орны ерекше. Олардың алды аяқтанып, ана атанса, біз тәтті жиендердің ата-әжесі болдық. Сондықтан, әр қайсының білім алып, өмірде өз орнын табуы – үлкен жетістік деп білеміз», - дейді олар.
Иә, «тәрбие тал бесіктен» демекші, мейірімге толы жанұядан шыққан ұрпақ ұшқанда соны ілері анық. Шағын мемлекетінің ішін бақыт пен шатыққа толтыра білген Сисенғазиевтер берекелі отбасының кілті – бірлік пен татулықта деп санайды. Осы ұранды өздерінің жанына серік еткен олар бүгінде шаңырағы биік, жапырағы жайылған бақытты жанұяға айналып отыр.
Ә.ҚАСЫМ.