Аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің қолдауымен Халықаралық би күніне орай «Сырлы биім - елге сыйым» атты облыстық бишілер байқауы өтті. Сайыс Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, қазақтан шыққан тұңғыш балерина Нұрсұлу Тапалованың туғанына 100 жыл және ҚР Халық әртісі Гүлжан Талпақованың 75 жасына орай ұйымдастырылды.
Тамыры терең ұлттық өнеріміз — қазақ биінің мәртебесін көтеру, өнерсүйер дарынды жастарды іріктеу, хореографтарға қолдау көрсету және би өнерін насихаттауды мақсат еткен байқауға қала, аудандардан 9 би ұжымы қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде бишілер қазақ биін, соңғы кезеңде әлем халықтарының биін орындады.
Байқауға биші, ҚР Халық әртісі Гүлжан Ізімқызы, хореография доценті, үздік балетмейстер, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Талғат Ғазизұлы, педагогика ғылымдарының магистрі, «Өнер саласының үздігі» және «Мәдениет майталманы» төсбелгілерінің иегері, республикалық би проектілерінің бас балетмейстрі, режиссері Аслан Сержанұлы, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының «Інжу-маржан» би ансамблінің жетекшісі Гүлвира Қалыбайқызы және облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының үлгілі «Меруерт» би ансамблінің жетекшісі Меруерт Сиғуатқызы қазылық етті.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені жылыойлық «Би - би» үлгілі би ансамблі иеленді. Ал бірінші орынды мақаттық «Шаттық» үлгілі би ансамблі жеңіп алды. Екінші орынға индерлік «Әсем-ай» үлгілі би ансамблі және атыраулық «Жайық қызы» халықтық би ансамблі ие болды. Үшінші орынДЫ доссорлық «Еркем-ай», махамбеттік «Еркем-ай» және исатайлық «Жалын» би топтары өзара бөлісті.
Сондай-ақ, сайыстың арнайы Нұрсұлу Тапалова атындағы жүлдесі Атырау қаласынан келген «Томирис» би тобына, ал Гүлжан Талпақова атындағы арнайы жүлде қызылқоғалық «Ойыл аруы» би тобына берілді. Барлық би ұжымдары арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтарға ие болса, жетекшілерде назардан тыс қалмай алғыс хатпен марапатталды.
Байқау соңында аудан әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин Гүлжан Талпақоваға аудан әкімінің құттықтау хатын және гүл шоқтарын табыс етті.
Ә.ҚАСЫМ