Мақат кентінде «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын дайындау және өткізу бойынша «2023 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңі жағдайларындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға АҚМЖ-ның басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбында республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды.
Бұл жердегі мақсат аудан көлемінде азаматтық қорғау қызметінің құрылымдарын жоғары әзірлікке келтіру, ықтимал төтенше жағдайларды дер кезінде жою, көктем кезіндегі төтенше жағдайда халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерді эвакуациялау және ұйымдар арасында өзара іс-қимылды ұйымдастыру, қолда бар күштерді, құралдар мен ресурстарды тартуға жан-жақты жәрдем және көмек көрсету жұмыстарын жүргізу болды.
Оқу-жаттығу барысында 18 мекеме өкілдері Мақат кенті вокзал маңы автокөлік тұрақ алаңында күш-құралдар мен техникалардың әзірлігін қарау үшін сапқа тұрғызылды. Саптық тұрғызылуға аудан көлеміндегі Азаматтық қорғаудың 105 қызметкері және 30 әр түрлі техника қатысты.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Аслан Камаловтан рапорт қабылдаған аудан әкімі Ринат Ибрагимов сапта тұрғандардың дайындығын тексерді. Тексеріс нәтижесінде аудан бойынша 5 дана мотопомпа, 110 дана күрек, 500 дана қап, 2 дана генератор, 1 дана спутникалық байланыс телефоны, 27 әр түрлі құрал жабдықтар, инертті материал 18 тонна құм, 10 тонна қиыршық тас қоры, 2000 тонна жанар жағармай, 13 тонна әр түрлі азық-түлік қоры бар екендігі нақтыланды.
Айта кетейік, аудан аумағында бұрын-соңды су тасқыны орын алмаған. Десе де аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы қандай жағдайға да дайын екендіктерін жеткізді.
«Біздің аудан аумағында бұрынғы жағдайда су тасқыны орын алмаған. Яғни, Сағыз өзені Бәйгетөбе ауылдық округінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Және су тасқыны орын алған жағдайда біздің күш-құралдарымыз төтенше жағдайды жоюға дайын. Аудан аумағында қардың еруінен болатын су тасқынынан да ешқандай қауіп жоқ. Қардың бәрі күреліп, шығарылды»,-дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы.
М.ІЗТҰРАҒНОВА
СУРЕТТІ ТҮСІРГЕН Ә.ҚАСЫМ