8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудандық мәдениет үйінде «Мақат аруы - 2023» байқауы болып өтті. Байқау қазақ халқының төл мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін дәріптеу, арулар бойындағы тектілікті, нәзіктікті кейінгі ұрпақ бойына дарыту мақсатына бағытталды. Аталған жарысқа әр мекемеден 5 ару қатысып, олар 5 кезең бойынша бақ сынасты.
Алдымен қыздар өздерін таныстырып, артынша өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық нақыштағы көйлек үлгілерін көпшілік назарына ұсынды. Одан кейін, үй тапсырмасын орындау бойынша арулар өздері дайындап әкелген қазақтың ұлттық тағамдарын таныстырып, олардың дайындалу әдісіне тоқталды. Одан соң ой ұшқырлықтары сыналып, білім деңгейлері тексерілді. Қыздар қойылған сауалдарға жан-жақты сауатты жауап бере білді.
Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен, Мақат өнер мектебінен қатысқан Жайлыхан Ұзақбаева мен Р.Ғабдиев атындағы өнер мектебінен қатысқан Шахизада Қонысбаева ІІІ орын, Х.Санбаев атындағы орта мектебінен қатысушы Лаура Латипова ІІ орын, аудандық аурухана атынан қатысқан Дильназ Қасен І орын иеленді. Ал Мақат кентінен қатысқан өнерпаз Анайы Ишан бас жүлдені иеленіп, «Мақат аруы – 2023» атанды.
Жарыс соңында аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Раушан Әлиева байқау қатысушыларына алғыс айтып, диплом және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Ә.ҚАСЫМ
Суреттер автордікі