Мамыр айының мерекелік күндері аясында «KPI Inc.» компаниясының демеушілігімен аудандағы 31 отбасыға қайырымдылық жасалды.
Аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов және аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлжанар Өтешова бастаған топ тыл ардагерлері, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің отбасылары мен Отан алдында борышын өтеу кезінде жарақат алған қариялардың үйін аралап, құрмет көрсетті.
Аталған компания басшылығының өкілдері ардагерлерге ізгі-тілегін жеткізіп, арнайы құттықтау хат табыстады. Одан бөлек, тәтті және жеміс жолы себет тарту етті.
«Сіздердің жасаған еңбектеріңіз бүгінде біздерге үлгі-өнеге. Сондықтан, келер ұрпаққа ашық аспан мен бейбіт өмір сыйлау үшін тынбай жасаған еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмақ емес. Дендеріңізге саулық, сарқылмас күш-қайрат тілейміз!»,- деді компания өкілдері.
Өз кезегінде құрметке бөленген ардагерлер аудан басшылығы мен компания өкілдеріне ризашылықтарын айтып, ынтымағы жарасқан елімізде тыныштық болсын деген тілектерін білдірді.
Ә.ҚАСЫМ
Суреттер автордікі