Полицейлер үшін ең маңызды мәселе – балалардың жол-көлік жарақаттарына жол бермеуі.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын-алып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта Атырау облысы полиция департаменті қызметкерлері NCOC компаниясымен демеушілігімен аудандағы М.Баймұханов және Х.Санбаев атындағы орта мектептерінің 0-1 сынып оқушыларына жарық шағылыстырғыш бас киімдер, медициналық маскалар және оқушылар сөмкесі мен сыртқы киімге арналған арнайы жабыстырғыштар таратып, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мамандар түнгі уақытта балалардың жарық шағылыстыратын бас киімді, арнайы жабыстырғыштар қолдануы автокөлік жүргізушілерінің назарын аударып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтады.
«Алыстан көрінетін және жүргізушінің назарына бірден түсетін киімге арналған жарық шағылыстырғыш элементтер көлік жүргізушісі назарын аударып, балалардың жол-көлік жарақатының алдын-алудың бір жолы болып табылады. «Қауіпсіздік акциясы» аясында балалардың жол-көлік жарақатының алдын-алу, мектеп оқушыларының көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрысы үшін арнайы іс-шара ұйымдастырылып, оқушыларға жол қауіпсіздік ережесі түсіндірілді»,- дейді Атырау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының жол қауіпсіздігін қадағалау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Аманжол Жұмалиев.
Бұл ретте аудан полицейлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жаяу жүргіншілердің, оның ішінде балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында тұрақты түрде жұмыстар жүргізуде.
Өз тілшіміз