Мақат тарихи-өлкетану музейінің биылғы жұмыс жоспарына «Жәдігер жерде қалмасын» акциясы енгізілген болатын. Бұл акцияның негізгі мақсаты — ұлттық тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару, ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы бар құнды дүниелерді, ұлы тұлғалардан бізге жеткен жәдігерлерді жинақтау, кәсіби тұрғыда сақтау, көпшілік назарына ұсыну, өлкеміздің өткені мен бүгінінің куәсін келешек ұрпаққа жеткізу.
Акция аясында Доссор кентінің тұрғыны, «Ана даңқы» орденінің иегері Үміт Хасанова өз қолымен тоқыған орама шиды музей қорына тапсырған болатын.
«Зейнеткерлікке қалғаннан кейін жолдасым Ізтілеу екеуіміз жазда жайлауға «Қырыққұдыққа» көшіп, мал ұстадық. Түйе мен бие сауып, сүтінен шұбат пен қымыз алдық. Сол кезде қырдағы әйелдер болып бірігіп, ши тоқып, киіз басатын едік. Кезінде шидің ұлттық үй жиһазы екенін, соның ішінде ораулы ши кезінде бағалы жиһаздардың бірі саналғандығын және шидің қалай тоқылатынын қазіргі жастар біле бермейді. Осыны ескеріп кейінгі ұрпақққа аманаттайтын ұлттық құндылығымыздың бірі шиді көненің көзіндей сақтап, музей қорына тапсыруды ұйғардым», - дейді өз сөзінде Үміт анамыз.
Үміт Хасанова 1939 жылы Доссор кентінде дүниеге келген. Еңбек жолын 1958 жылы Мақат аудандық байланыс бөлімшесінде телефоншы болып бастап, кейіннен аға телефоншы қызметін атқарған. Осы салада отыз жылдан астам қызмет етіп, 1989 жылы зейнеткерлікке шыққан. Үміт анамыздың ұзақ жылғы еңбегі ескерілмей қалмай «Ерен еңбегі үшін В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медалімен, «Социалистік жарыс жеңімпазы» төс белгісімен марапатталып, есімі 1984 жылы «Байланыс бөлімінің ардагері» болып және 1971 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» болып «Құрмет кітабына» еңген. Төрт қыз, алты ұлды өмірге әкеліп тәрбиелеген «Ана даңқы» орденінің иегері.
Осы ретте аудан тұрғындарын халқымыздың рухани-материалдық болмысын тану мен сақтауда маңызды тарихи жәдігерлерді музей қорына тапсыруға шақырамыз. Өйткені тек музей қорларына өткен жәдігерлер ғана ондаған, жүздеген жылдардан кейін де экспозициялық көрмелер арқылы көрерменнің көз қуанышы болып, тарихшы, археолог, этнограф, нумизмат, қолөнершілер, суретшілер мен тағы да басқа халық жадын жандандыруға қызмет ететін мамандардың зерттеулеріне арқау болуға мүмкіндік береді.
Б.МҰҚАШЕВА,
Мақат тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы