Облыс орталығында жер асты суларының қоры жоқ болғандықтан, Атырау – тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Жайықтың табиғи резервуарын пайдаланатын Қазақстандағы жалғыз қала. Аймақта Қиғаш өзенінің суы – Атырау және Маңғыстауға құбыр арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар Жылыой ауданында Бали және Жаңасу деген баламалы су көздері бар.
Байқап отырғаныңыздай өңіріміз Жайық өзенінің суына тәуелді. Ал ол жылдан-жылға тартылып бара жатырғанын өзіміз қалаға барған сайын байқап жүрміз.
«Жайық өзені тек қана қар суларына қоректенетін жай өзендерге жатады. Оның ағыны, негізінен, өзендер жүйесі дамыған, жоғарыдан қалыптасады. Жайық өзенінде Оралдан төмен теңізге кұйғанға дейін, суы аз Барбастаудан басқа сала жоқ. «Атырау облысы бойынша экология департаменті» РММ зертханалық-талдамалы бақылау бөлімімен Жайық өзенінен 101 және Сағыз өзенінен 6 су сынамаларын алу бойынша шекті рұқсат етілген шоғырлану нормативтерін (ПДК) салыстырғанда судың құрамынан ластаушы заттардың мөлшері анықталмады», - дейді департаменттің баспасөз қызметі.
«Атырау облысы Су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынының аудан бойынша басшысының айтуынша, ауданымызда ауыз судың қоры жеткілікті. «Ескене бекетінде 5 мың кубтық екі ауыз су қазаны, Доссор кентінде 10 мың кубтық ауыз су қазаны, Мақат кентінде 10 мың кубтық және төрт 2 мың кубтық ауыз су қазаны бар. Бірақ ол қазандар ауыз-мұрнынан шыққанша толып тұрмайтындығын ескеру керек. Сонымен қатар аудан орталығында 4 шағын қазан күрделі жөндеуді қажет етеді. Мақат кентінің іргесінде кәріз суын тазарту имараты жұмыс жасап тұр. Тек техникалық суды халық игілігіне пайдалануы үшін қосымша құбыр тартып жүргізу керек. Доссор кентінде кәріз суын тазарту имараты құрылысының тапсырыс берушісі облыс әкімдігі. Биылғы жылы құрылысы басталуы керек деген жоспар бар. Жалпы су қысымының төмендігіне жоғары этаждың тұрғындары ғана шағымданады. Ал біз су қысымын жоғарылатайық десек оған жертөледегі су құбырлары жарамсыз болып тұр», - дейді Асылан Елеусінұлы.
Сондай-ақ осы салаға жауапты маман өздеріне тиесілі магистральды құбырлардың қатуы бойынша шағым жоқ екендігін айтады. Жеке тұрғын үйлердегі су құбырларының қатуы - құбырларды жердің астымен кіргізбегендігінің кесірінен көрінеді.
А.Есжан