Халқымызда «ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген даналық сөз бар. Қаймағы бұзылмаған қазақы қалпымызда үлкенді сыйлау, құрметтеу, ақыл-кеңесін тыңдау – біздер үшін тәрбие көзі. Ұрпағына ұлағатты сөз айтып, ақыл-кеңесін аямайтын, батасымен елге құт дарытқан қазыналы қарттарымызға құрмет пен қамқорлық көрсету – парызымыз.
Қазіргі кезде мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аудару, үкімет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасау, мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Осы ретте аудан әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин, аудан әкімі аппаратының басшысы Бекбол Абуов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжанар Өтешова және кент, ауылдық округ әкімдері ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, экономикалық дамуына өзіндік үлес қосқан ардақты ардагерлеріміздің үйіне арнайы барып, мерейлі мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
Бүкіл саналы ғұмырын, қажыр-қайратын ел игілігіне жұмсап, ұрпақтарымызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін көрсетіп отырған қазыналы қарттарымызға ізгі ілтипатпен ақжарма тілектер айтылып, сый-сияпаттар табысталды.
Көрсетілген сый-құрметке ардагерлер шын жүректен ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. «Бізге құрмет көрсетіп жатқандарыңызға рақмет. Үлкенге ізет, қарияға қамқорлық көрсету қазақтың санасына сіңген терең қасиет. Елге жасаған еңселі қызметтеріңізге сәттілік тілейміз», -деп тілектерін білдірді олар.
Сондай-ақ қарттар мерекесіне орай «Бақырыс» мейрамханасында аудан ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Мерекелік дастархан басында бас қосқан ардагерлерді арнайы құттықтаған аудан әкімі Ринат Ибрагимов аға ұрпақ өкілдеріне алғыс білдіре отырып, ауданымызда қарттар мен ардагерлерге қолдау көрсету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Және шараның ұйымдастырылуына демеушілік көрсеткен «NCOC» компаниясына ризашылығын білдіріп, ардагерлерді алғыс хатпен марапаттады.
Мерекелік басқосуда аудандық мәслихат төрағасы Азамат Шаңғалаев та ардагерлерді мерекемен құттықтап, өз марапатын табыстады.
Сонымен қатар еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген ардагерлер сөз алып, мерекелік ыстық ықыласпен ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
Аудан өнерпаздары ардагерлердің құрметіне ән мен жырдан шашу шашып, керемет мерекелік көңіл-күй сыйлады. Туған жерінің өсіп-өркендеуі мен дамуына үлес қосқан, бүгінде ел құрметіне, ұрпақ алғысына бөленген ардагерлеріміз бен қазыналы қарттарымыз әрдайым құрмет төрінде, қамқорлық аясында бола бермек.
М.ІЗТҰРҒАНОВА