Бүгін, 4 сәуір күні індетке қарсы егу науқанын аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы да қолдап, COVID-19-ға қарсы «Спутник-V» вакцинасын салдырды.
Аудан әкімі екпе алғаннан кейінгі көңіл күйі қалыпты екенін, денсаулық ахуалында қандай да бір өзгерістер байқалмағандығын айтады.
Екпе егу кабинетіне келушілер арасында сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Оксана Айкашева, Мақат кентінің әкімі Ербол Ермағанбетов, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Серікбол Утеғалиев та болып, аталмыш вакцинаны қабылдады.
Вакцина салдырғаннан кейін мемлекеттік қызметшілер жарты сағат арнайы бөлмеде мамандар бақылауында болып, олардың кеңестерін тыңдады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей вакцина – пандемияны жеңудің жалғыз сенімді жолы. Вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана тұрғындар коронавирусты жеңіп, барлық шектеулер алынып, халық қалыпты тұрмыс-тіршілігіне қайта оралмақ.
Осы орайда аудан әкімі Ш.Кейкин індетке төтеп беру үшін денінің саулығын ойлаған әрбір тұрғынды вакцина салдыруға шақырады.
Сондай-ақ, ол қауіпті індетпен күресіп әрі вакцинациялау жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқан медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.
М.Серікқызы