«Атырау облысында білім беру сапасын арттыратын жол картасы іске асырылады»,-деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Бүгін Атырау облысы білім беру жүйесін дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы таныстырылды. Аукымды жобаны Атырау облысы Білім беру басқармасы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымдарымен бірлесе жүзеге асырады. Бұл - «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Қазақстанда қолға алған алғашқы тың жобасы. Шара барысында ұстаздар қауымын Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтаған Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов бүгінде адам капиталы кез келген мемлекет үшін басты құндылыққа айналғанын, оны дамытуды сапалы білімсіз көзге елестету мүмкін емес екенін атап өтті.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары әлемде үздіктердің қатарында екенін білеміз. Тың жобаны Атырау облысынан бастағандарыңыз қуантады. Өңіріміздегі білім беру саласындағы проблемаларды бірлесе шешеміз деген ойдамын. Атыраулық оқушылардың білімдік, зияткерлік және рухани-адамгершілік даму тұрғысынан өзгелерден оқ бойы озық тұрғанын көру - біз үшін аса маңызды миссиялардың бірі»,-деген аймақ басшысы білім саласына дамытуға қолдау көретуге әрқашан дайын екенін атап өтті.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша облыстық Білім беру басқармасы жанынан құрылған жұмыс тобы өңірдегі білім беру ахуалына талдау жасаған. Соның нәтижесінде саладағы проблемаларды шешіп, білім беруді дамыту үшін әзірленген үш жылды қамтитын арнайы бағдарлама әзірленген. Жиын барысында сөз алған «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» ДББҰ Басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова білім беру саласындағы кешенді жаңғырту және білім беру сапасын арттыруға қатысты жоспарланған іс-шараларға жан-жақты тоқталды.
«Аймақтың білім жүйесін дамытуды бірден қолға алған облыс әкіміне алғысымыз шексіз. Мұны өңірдің болашағына жанашырлық, жас ұрпаққа деген үлкен махаббат деп білемін»,-деген Күләш Шәмшидинова Жол картасының талдау және мониторинг, балалардың әл-ауқаты, мүмкіндіктер мектебі, педагогикалық кадрлар сондай-ақ инфрақұрылым сынды негізгі бағыттарына тоқталды. «Жобаға сай, пәндік бағалау жүйесі бойынша оқытамыз. Оған қоса мұғалімдердің өзінің тәжірибесін зерттеу арқылы жұмыс барысындағы ұтымды жақтарын күшейте отырып, проблемаларды шешуге дұрыс бағыт-бағдар беру көзделген. Сондықтан, бұл жобаның кеңсесі ашылды. Оған «Назарбаев зияткерлік мектептері», білім беру, бағалау және мұғалімдердің біліктілігін дамыту орталықтары қатысады. Бұл ұзақ мерзімді жоба, сол себептен бір жылдың ішінде 23 қала, 27 ауыл мектептерінде балалардың функционалдық сауаттылығы, жетістіктері бағытында мониторинг өткізіледі. Мұғалім, ата-аналар арасында сауалнамалар жүргізіліп, содан кейін белгілі бір шешімдер қабылданып, нәтижесі белгілі болады», - деді К.Шәмшидинова.
Сонымен қатар, 4 және 8-сыныпта оқитын 5000 оқушының жетістіктері сараланып, мектеп басшыларының кәсіби құзыреттіліктерін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіледі. 50-ден астам мектепте STEM және IT дағдыларын оқыту бойынша жетекші жаттықтырушыларды кезең-кезеңімен даярлау жоспарланып отыр. Мектептерде қосымша білім беру, педагог-психологтар мен ата-аналардың оқу-тәрбие процесіне қатысуы үшін жағдайлар қаралатын болады.