Аналар алқа тағынды

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында  Президент  Қасым-Жомарт Тоқаевтың  көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапаттау туралы №493-ші жарлығына сай  6 ананы марапаттау салтанаты өтті.

Олардың арасында Эльмира Мусинаға жеті бала тәрбиелегені үшін «Алтын алқа» табысталып, ал Светлана Демяшева, Амангүл  Қожахметова, Нұргүл Құрманғазиева, Айнұр Мұханбетова және Айжамал Унбаевалар алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін «Күміс алқаға» ие болды. Аналарымыздың дені үй шаруасында болса, кейбірі қоғамдағы ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген ағарту саласының мамандары.

tagyngan

Халық санын арттырып, еліміздің дамуына үлес қосқан ардақты аналарға алқаларын тапсырған аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы: «Сіздердің марапаттарыңызды барлық санитарлық талаптарды сақтай тұра оффлайн режимінде тапсыруды жөн көрдік. Әрқайсысыңыздың шаңырақтарыңызда болашақта ауданымызды көркейтер бір-бір маман иелері өсіп келе жатыр деген үміттемін. Жанұяларыңызда сәбидің күлкісі тоқтамай, қуанышты күндеріміз таусылмасын. Бүгін «Күміс алқа» алып отырғандарға келесіде кеудесіне «Алтын алқа» тағуға келуді нәсіп етсін!», - деп тілек білдірді.

Алғысқа ие болғандардың бірі – Доссор кентінің тұрғыны Айнұр Мұханбетова оқу орталығында бастауыш сынып оқушыларына сабақ береді. Аналардың атынан ризашылығын білдірген ол: «Алқаларымызды табыстап жатқандарына жергілікті әкімдікке көп-көп рақмет. Бастысы балаларымыз аман болсын. Басқа келіншектерге жұғысты болсын!», - деді.

Айта кетейік, газетіміздің өткен сандарының бірінде ауданымыздағы көп балалы аналардың өздеріне тиесілі алқаларын ұзақ уақыт күтіп қалып жатқандығы жәйлі жазған болатынбыз. Аналарымыз арыз бергеннен кейін жылға жуық уақыт алқаларын алып болмай, нәтижесінде тиісті жәрдемақылары қолдарына жетпей жүргендері туралы арызданған еді.

                                                                               А.Жұмабекұлы

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT