Жуырда Атырау қаласындағы Нұрмұқан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда термешілік өнерге жаңаша серпін беру және әдеби тілді дамытуға, тіл мәдениетін жетілдіруге үлес қосу мақсатында облыстық жыршы-термешілер байқауы өтті. «Зияткерлік күніне» орай өткізілген шараны облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырды.
Байқауда музыкалық оқу орындарының студенттері мен аудандық мәдениет үйлерінің қызметкерлері, дәстүрлі ән сыныбының мұғалімдері және әуесқой жыршылар бақ сынады. Олар ел егемендігі мен салт-дәстүрді өлеңдеріне қосып, сан түрлі сазды нақышына келтіріп орындай білді. Филармонияның концерт залында санитарлық талапты сақтаған текті өнердің тыңдармандары жиналды.
Сайыс нәтижесінде бас жүлдеге Махамбет аудандық Аймекен Құрметқызы ие болса, бірінші орын Индер ауданынан барған Қарақат Жамбылқызына бұйырды. Екінші орынды Атырау қаласының атынан қатысқан Назира Қошымқызы жеңіп алса, жүлделі үштікке құрманғазылық Ариана Саматқызы мен жерлесіміз Аманжан Рашитұлы ілікті.
Бәйгітөбелік Аманжан Ташев ауылдастар арасында ақын әрі әнші ретінде жақсы таныс. Ол осы жолы да өз шығармашылығындағы термені орындады.
«Қатысушылардың қарым-қабілеттері әртүрлі деңгейде болды. Бір айта кететіні бұл байқауға 35 жастан асқандар және жүлдегер атанған өнерпаздар қатыса алмайды. Ауданымызда термешілерге тапшылық бар, сол жағы алаңдатады», - деді жерлесіміз.
А.Есжан