Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 17 тамыз бен 3 қазан аралығында «Nur Otan» партиясы партияішілік сайлау - праймериз өткізіп жатқаны белгілі. Праймеризге аудан бойынша 38 үміткер тіркелген. Олар 30 қыркүйекке дейін үгіт-насихат жүргізу жұмыстарын бастады. Соның бір көрінісі, ауданда үгіт-насихаттың бір түрі – праймеризге қатысушылар арасында доданың нағыз қыза түсетін сәті - жария пікірсайыс кезеңі басталды. Алдын ала жеребе таратылып, әр кандидаттың дебатқа қатысатын күні мен орны анықталды.
Сейсенбі күні аудандық мәдениет үйіндегі пікірталас алаңында үміткерлердің алғашқы легі кездесті. Олардың әрқайсысына өзі туралы мағлұмат беріп, сайлауалды бағдарламасын таныстыруға теңдей мүмкіндік берілді.
Алғашқы жария пікірсайысты Тиышбаева Бақыткүл, Есенаманова Алтынгүл, Ещанова Тыныштық, Құбай Теңелсін, Теңдібай Әнуар, Қыстауов Аманжан ашты. Әр кандидат өңірдегі ең өзекті және өткір мәселелерге тоқталып, оларды шешу жолдарын ұсынды. Бұдан соң қарсыластар бір-біріне сұрақ қойды. Пікірсайыс әлеуметтік желілерде жұртшылық назарына ұсынылды.
Пікірсайысшылар қолжетімді баспана мәселесі, интернет жетіспеушілігі, спорт, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы, жұмыссыздық, жаман әдеттерден аулақ болу, ауыл шаруашылығын дамыту секілді мәселелерді қозғады. Бұл үміткерлердің белсенділігі жоғары болды.
Түстен кейін екінші топтың да пікірсайысы аудандық мәдениет үйі ғимаратында жалғасты. Пікірсайысқа Жансұлтанова Айгерім, Абшеев Рүстем, Ищан Асылбек, Дюсова Құралай, Шалауова Самал, Балпейсова Гаухар - алты үміткер қатысып, өз біліктілігі мен сөзге шешендіктерін көрсетті.
Пікірсайысқа қатысушылардың әрқайсысы бес минут ішінде сайлауалды бағдарламаларының түйінін түсіндіріп, одан әрі әр қатысушы бір-біріне сұрақ қойып, пікірсайыс ұйымдастырды. Модератордың рұқсатымен залдағы көрермен сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы келген тұрғындар сауалына да жауап берілді. Пікірсайысқа қатысушылардың бірі көпбалалы аналардың мәртебесін көтеру туралы сөз қозғаса, енді бірі мұнай өндірісі — мәдениетті дамытуға жаппай маңыз берілу керектігін алға тартты.
Қыркүйектің 16-сы күні де үміткерлер жастардың білімін дамыту мен жұмыспен қамтылу мәселесі, спорт, экологиялық проблемалар мен жемқорлықпен күрес сынды бағдарламаларын ұсынды. Сондай-ақ, кандидаттар кейбір халық қалаулыларының әрекетін қайталамайтынын, жаңа серпін әкелетінін де айтып қалып жатты.
Олар көкейде жүрген ойларын айтып, бір-бірінің сайлауалды бағдарламалары бойынша сұрақтарын қойды. «Уәде беру – оңай, оны орындау бар. Келешекте депутат болған тұлғалар да осы ел алдында есеп берсе», – дейді праймеризге қатысушылар.
Шарада санитарлық талаптардың сақталуына баса көңіл бөлінуде. 15 қыркүйекте басталған пікірсайыс кезеңі 17 қыркүйек күні аяқталады.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында биыл алғаш рет праймериз өтуде. Жасыратыны жоқ, бұл терминді қарапайым халық біле бермейді. Тереңіне үңілсек, праймериз – АҚШ саясаткерлерінен бастау алған, партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі. Яғни, алдын ала партияішілік сайлау өткізу арқылы басты аламанға түсетін көшбасшылар іріктеледі.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордан