Жаһанды жайлаған пандемияға қарамастан еліміз биылғы жылды үлкен жетістіктермен қорытындылап отыр деуге болады. Жалпы, әлем елдері секілді бізде де биыл пандемиядан кейінгі экономикалық өсімді қалпына келтіруге баса мән берілді. Сонымен қатар жылдың негізгі лейтмотиві ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын лайықты атап өту болды. 16 желтоқсан – әрбір отандасымыз үшін қастерлі мереке, айтулы дата. Мемлекет басшысының жұмыс кестесінде де басымдық негізінен осы екі мәселеге орайластырылды.
Басты мақсат – экономикалық өсімді қалпына келтіру Соңғы екі жылдағы пандемияның «соққысынан» кейін, әлем енді ғана ес жиып, етек-жеңін жинай бастады. Қазақстан түгіл азуын айға білеген алып мемлекеттердің өзі өндірістік, тиісінше, экономикалық дағдарысқа тап болды. Биыл жылдың екінші жартысында ғана көптеген елдер тұралап қалған өндіріс орындарын қайта іске қосып, алыс-беріс пен барыс-келіс қайта жандана бастады. Былтырғыға қарағанда биыл біздің елде де айтарлықтай ілгерілеу байқалды. Осы жылы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен жалпы 500-ге жуық хаттамалық іс-шара өтті. Оның ішінде шетелдік және өңірлерге жұмыс сапарлары, өткізген түрлі мәжілістер мен отырыстар, халықаралық және республикалық форумдар, шет мемлекеттер мен үкіметтердің басшыларын қабылдаулары, кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралап көру, еңбек ұжымдары өкілдерімен кездесулер және басқа да шаралар бар. Мемлекет басшысының мерзімді басылымдарда 2 мақаласы және 2 сұхбаты жарияланды. Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл ішінде өткен түрлі жиындарда 12 бейнеүндеу жасады. Президенттің твиттерінде 350-ге жуық хабарлама жарияланды. Президенттің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының қатысуымен өткен кез келген іс-шараны мейілінше кең таратып, халыққа ақпараттың толық жетуін қамтамасыз етіп отырады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев биылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Nur Otan партиясының Төрағасы қызметін де қоса атқарады. Бұл екі ұйымның да қоғамдағы саяси салмағы жоғары екені мәлім. Енді атқарылған шаруалардың ең маңыздысын тарқатып көрейік...
Халықтың әл-ауқатын арттыруға баса мән берілді
Пандемиядан кейінгі елдің экономикасын қайта қалпына келтіру шаралары аясында Мемлекет басшысы Үкімет пен облыстардың әкімдеріне азық-түлік пен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың, жанар-жағармай мен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауына жол бермеуді тапсырды. Қазір осы бағытта ауқымды шаралар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Ал биыл қабылданып, алдағы уақытта елге пайдасы тиетін шешімдер туралы айтсақ, Президент Жолдауында келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 42500 теңгеден 60 мың теңгеге көбейетінін айтты. Бұл өзгеріс 1 миллионнан астам адамға тікелей қатысты десек, жанама түрде барлық еңбеккерді қамтитыны сөзсіз. Білім, ғылым, мәдениет, өнер және спорт салалары бойынша жаңа басымдықтар мен әдістер белгіленді. Халықтың игілігі жолында қолға алынған бастамалардың тиімділігіне, пайдалылығына баса мән берілді. Карантиндік шектеулердің ауыртпалықтарына қарамастан, мемлекет азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық орындады деп айтуға негіз бар. Бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекеттік емес сектордың заңнамалық және институционалдық негізін жетілдіруге, азаматтардың белсенділігін арттыруға, азаматтық бақылау жүйесін қалыптастыруға бағытталған Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Президенттік жастар кадрлық резервіне 8,6 мың азамат қатысып, көпсатылы іріктеуден 50 үміткер ғана өтті. 1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты дәстүрлі Жолдауын жариялады. Осы аса маңызды құжаттың негізінде орта мерзімдегі экономикалық саясатымыз айқындалып, 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспары мен Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі қабылданды. 10 ұлттық жоба бекітілді. Президент осы бағыттағы тиімді шараларды жүзеге асыру мақсатымен отандық және шетелдік инвесторларды жобаларға тартуға шақырды. Еліміздегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін әлеуетті инвесторларға айтарлықтай жеңілдіктер жасау жөнінде бастама көтерілді. Президент ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше мән берді. Отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілетін арттыру аса маңызды болып отыр. Осы ретте Мемлекет басшысы бірқатар өңірге арнайы жұмыс сапарымен барып, аймақтардың өндірістік және шаруашылық әлеуетімен танысты, барымызды саралап, жоғымызды түгендеу үшін келелі кеңестер өткізді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарына сапары барысында өңірдегі жаңадан сайланған әкімдермен әңгімелесіп, бірқатар кәсіпорынның жұмысымен танысты, астықты алқаптағы шаруалардың жағдайы, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру, агросекторды дамыту мәселелері айтылды, өңірді дамытудың басым бағыттары айқындалды. Президент Маңғыстау облысына сапары барысында туристік кластерді дамытуға арналған жобалармен танысты. Шығыс Қазақстан облысына арнайы барып, Ақтоғай кен байыту кешенінің екінші фабрикасын іске қосты. Ақтоғайдағы өндіріс көзі болашақта еліміздің осы бағыттағы ірі өнеркәсібінің бірі болатыны сөзсіз. Бюджетке 80 млн доллар кіріс кіргізіп отырған кәсіпорында 700 жаңа жұмыс орны ашылған. Қазірдің мұнда 3000-нан астам адам жұмыс істейді. Мемлекет басшысы осындай жаңа жұмыс орындарының, нақты жұмыс істейтін кәсіпорындардың ашылғанын көргісі келеді және Ақтоғай кенішінде: «Бұл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тамаша тарту болды. Мен бұған дейін осындай нақты жобаларды жүзеге асыруға мән беру қажет деген едім. Жаңа кәсіпорын соның айқын дәлелі» деп ризашылығын білдірді. Жамбыл облысында инвестициялық жобалармен танысып, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ қызметкерлеріне арналған жаңа тұрғын үйлерді, Otarbiopharm иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтика зауытын аралап көрді. Осы кәсіпорындардың әлеуетін байқады. Қарағанды өңіріндегі полиметалл кен байыту фабрикасын іске қосты. Ұлытау ауданындағы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне зиярат жасады. Қасым-Жомарт Кемелұлы қараша айында Павлодар облысына барды. Екібастұз қаласындағы теміржол жабдықтарын шығаратын ірі екі кәсіпорынға арнайы ат басын бұрды. Бұл екі кәсіпорын да жергілікті халықты жұмыспен қамтып, өнімдерін еліміздің ғана емес, шетелдің де нарығына шығарып отыр. Мемлекет басшысы әрдайым аймақтарды аралағанда өнеркәсіп орындарының, зауыттар мен фабрикалардың жұмыс істеп тұрғанына көп көңіл бөледі. Біздің елімізде ірі қалалар мен ауылдар ғана емес, сонымен қатар, моноқалалар да бар. Елдің дамуында шағын қалалардың алар орны ерекше. Бұдан кейін Екібастұзда моноқалаларды дамыту жөнінде кеңес өткізді. Қазір Қазақстанда 89 қала болса, соның 27-сі моноқала екен. Онда 1,4 млн адам өмір сүріп жатыр. Олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінен бастап, өзге елді мекендермен байланысы, тіпті шекаралық аудандарда көршілес елдермен қарым-қатынасына дейін аса маңызды. Бүгінде моноқалалардың экономикасын әртараптандыру және шикізаттық емес секторларда баламалы өндірістер құру үшін 79 маңызды жоба іске асырылып жатыр. Әрбір моноқалада «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында ақпараттық қызмет көрсететін кәсіпкерлерді қолдау орталығы жұмыс істейді. 2025 жылға дейін моно және шағын қалалардың инфрақұрылымын дамытуға жыл сайын 15 миллиард теңге мөлшерінде қаражат бөлінеді деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек Президент еліміздегі ең ірі мегаполис Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, еліміздегі қаржы секторы өкілдерімен жиын өткізді. Бұл алып шаһардың да өз басына жетерлік экономикалық, коммуналдық проблемалары бар, сонымен қатар ірі бизнес орталықтары мен кәсіпорындар шоғырланған қала. Сол себепті Алматының ел дамуындағы маңызы да ерекше. Сонымен қатар республиканың әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру ісі жалғасуда. Наурыз айында Президент Түркістан облысында жаңадан Сауран ауданын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Оның әкімшілік орталығы – Шорнақ елді мекені. Жалпы, биыл Мемлекет басшысы жұмысының тығыздығына, шетелдік сапарларға байланысты еліміздің кейбір өңірлеріне бара алмады. Бірақ сол өңірдің басшыларын қабылдап немесе телефон арқылы байланысып өңірдің жағдайы мен даму перспективалары туралы есеп алып отырды. Яғни өңірлер үнемі Президенттің бақылауында. Сондай-ақ еліміз бойынша экономиканы әртараптандыруға, маңызды жобаларды жүзеге асыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, аймақтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге, өңірлер арасындағы көлік қатынастарын жандандыруға басымдық берілді.
Тиімді бастамалар ел игілігіне қызмет етеді
Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген керемет нақыл бар. Мемлекет басшысының бастамасымен осыдан 2 жыл бұрын құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – дәл осы мәтелдің дәлеліндей. Президенттің өзі бір сөзінде, оны өткен тарихымызда болған Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісіне теңеген болатын. Ұлттық кеңес еліміздегі түйткілді мәселелерді ортаға салып, талқылап, түйіндерді кеңесіп шешетін өте тиімді алаңға айналды. Осы күнге дейін Кеңестің бастамаларын жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданды. Оның ішінде заңдар, Президент Жарлықтары мен Үкімет қаулылары, министрліктердің бұйрықтары бар. Бұдан Ұлттық кеңестің тиімді жұмыс істеп жатқанын көруге болады. Атап айтқанда, осы алаңда көтерілген ұстаздар мен дәрігерлердің жалақысы өсті; студенттердің, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы көбейді; санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды; ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім берудің жаңа ережелері бекітілді; оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға берілетін субсидия екі есе ұлғайды; игерілмей жатқан жер теліміне салынатын базалық салық мөлшерлемесі артты; ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға сатуға және жалға беруге тыйым салынды; осы жылдан бастап жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілді. Халық жинағының бір бөлігін осы күндері жылжымайтын мүлік сатып алуға, ипотекалық несиені өтеуге және емделуге жұмсап жатыр. Соның арқасында 800 мыңға жуық азамат зейнетақы жинағын өз қажетіне жаратты. Биыл мамырда «Сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізілді. Осыған орай 25 шілдеде Қазақстанда тұңғыш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Жалпы, 864 ауылдық округтің әкімдері алғаш рет тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Нәтижесінде, ауыл әкімдерінің құрамы 52 пайызға жаңарды. Ауыл әкімдерінің сайлауы, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалған игі іс деп бағалауға болады. Ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде бұл бастаманың тиімділігі жөнінде көп жазылды. Жүргізілген сауалдамаларға қарасақ, азаматтардың басым көпшілігі сайлаудың оң шешім екенін қолдаған. Сондықтан Мемлекет басшысының ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастамасын билік пен қоғам қатынасының жаңа әрі тиімді үлгісі болды деп айтуға толық негіз бар. Енді тұрғындар өздерінің мүддесін қорғап, түйткілді мәселелерін нақты шеше алатын азаматқа үміт артады. Халық тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болды. Халықтың көңілінен шыққан тағы бір жаңалық – «Айтылды-орындалды» бастамасы. Мемлекет басшысының Жолдауларында, келелі жиындарда берген тапсырмаларының орындалғаны жөніндегі мәліметтерді Баспасөз қызметі жариялап отырады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Қалжыр өзеніне қатысты мәселені ерекше атап өткен жөн. Алтын қазушылардың өзенді бей-берекет ластап жатқаны туралы жергілікті тұрғындардың жанайқайын «Айқын» газетінен оқыған Қасым-Жомарт Кемелұлы елді алаңдатқан осы жағдайға бірден назар аударып, құзырлы органдар мен облыс әкімдігіне түйткілді мәселені шешуді тапсырды. Нәтижесінде, заң бұзып, қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтірген кәсіпкерлерге айыппұл салынды. Олардың кен өндіруге берілген лицензиялары кері қайтарылды. Сонымен қатар жерді жеке меншікке немесе жалға беру мәселесіне қатысты көпшіліктің көңілін күпті қылған түйткілді мәселе де шешімін тапты. Бұл жағдайдың бәрін көріп-біліп отырған Мемлекет басшысы өзі бастамашы болып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Аталған заң бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, халықаралық ұйымдарға және заңда көрсетілген басқа да тұлғаларға жеке меншікке және жалға беруге тыйым салынды. Жалпы, осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Президент қазіргідей құбылмалы әрі жаһандық бәсекелестік жағдайында мемлекеттің мүддесін қорғауға, алға қойған мақсатқа ұмтылуға баса мән береді. Оны үнемі айтып та келеді. Бұлай болмаған жағдайда көп нәрседен ұтылып қалатынымызды еске салып отырады. Осы ретте, былтыр Президент COVID-19 індетіне қарсы отандық вакцина жасап шығару жөнінде еліміздің білікті медицина мамандарына тапсырма берді. Нәтижесінде, Қазақстан ғалымдары QazVac және QazCoVac – P суббірлік вакциналарын жасап шығарды. Бұл халықаралық деңгейде жоғары бағаланып жатыр. Аталған жетістікті еліміздің келешегі үшін, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін артырып, өсіп-өркендеуі үшін жасалған маңызды қадам деуге болады. Қазіргі уақытта қазақстандық вакциналар ДДҰ-ға тіркелу үшін үміткерлер тізіміне енгізілді. Бүгінде республика бойынша 9 129 мыңнан астам адам екпенің бірінші компонентін, 8 434 мыңнан астам адам екінші компонентін алды. Бұл жалпы вакцина алуға тиісті азаматтардың 70 пайыздан астамы деген сөз. Сонымен қатар 12 қарашадан бастап 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге екпе салына бастады. Жақында қайта вакциналау жөнінде шешім қабылданды. Сонымен қатар осы жылдан бастап Ashyq қосымшасының енгізілуі азаматтардың тыныс-тіршілігі мен бизнес қоғамдастықтың экономикалық белсенділігін қалыпты жағдайға келтіруде тиімділігін дәлелдеді. Еліміз осындай цифрлы шешімдерді алғашқылардың бірі болып қолдана бастады. Мемлекеттің кәсіпкерлерге онлайн режімде қолдау көрсетуіне қатысты «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Бизнеске арналған үкімет» сервисі іске қосылды. Ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мәселесі де өзекті міндеттердің бірі. Азаматтардың санасын жаңғыртпай елімізде өзгеріс жасау мүмкін емес. Аға буынның бай мәдени мұралары, көрнекті ойшылдар мен тұлғалардың зияткерлік, гуманистік жетістіктері – халқымыздың өзіндік ерекшелігі, рухани өзегі және басты діңгегі. Осы ретте жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы республика көлемінде аталып өтті. Азаттық жолында жанын аямаған көрнекті Алаш арыстарының бірі Әлихан Бөкейхановтың рөлі мен қосқан үлесі зор. Биыл бірегей тұлғаның 155 жылдығы және басқа да Алаш қайраткерлерінің мерейлі даталары атап өтілді. Елорда төрінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды ұлтымыздың ұлы тұлғаларына, сондай-ақ белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновке арналған ескерткіштер бой көтерді. Бұл мемориалдар Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ашылды. Сонымен қатар ұлттық бірегейлікті қалыптастыру ісінде ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының орны ерекше. Осы ретте Мемлекет басшысы Наурыз мерекесінің мәні мен маңызын қайта қарап, мазмұнын кеңейтуге, оның тәрбиелік маңызын, ұлттық-патриоттық сананы қалыптастыру сипаты мен экологиялық мотивін қайта қарауға шақырды. Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы ұсынған барлық бастама ел игілігі үшін қызмет етеді.
Халықаралық қатынастар жандана түсті
Биыл еліміздің сыртқы саяси белсенділігі былтырғыға қарағанда едәуір артты. Екіжақты қарым-қатынастар аясында шетелдерге жасалған 10 сапарды, сондай-ақ 20 мемлекетаралық саммит пен форумды қоса алғанда, Президенттің қатысуымен халықаралық сипаттағы 150-ге жуық іс-шара болып өтті. Сыртқы саясатта еліміздің ұстанатын теңгерімді және конструктивті бағыты сақталды. Сондай-ақ ұлттық мүддені қорғау, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті сақтау мәселесі басты назарда болды. Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа және 2020-2022 жылдар аралығында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалық етуде. Бұл еліміздің сыртқы саяси бастамаларына тың серпін береді және жауапкершілік жүктейді. Орталық Азия аймағындағы елдермен тату көршілік қатынастарды нығайту халықаралық ынтымақтастық бағытындағы маңызды басымдық болып қала береді. Соның ішінде пандемия кезінде Қырғызстан мен Тәжікстанға және аса ауыр күндерді бастан өткеріп жатқан Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетілді. Еліміздің халықаралық байланыстарын нығайтуға бағытталған іс-шараларға тоқталып өтетін болсақ, биыл Қырғызстан Президенті елордаға мемлекеттік сапармен келді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан басшысы Садыр Жапаровпен екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатымен келіссөз жүргізді. Келіссөз қорытындысы бойынша Бішкекте Абайға, Нұр-Сұлтан қаласында Манас пен Шыңғыс Айтматовқа ескерткіш орнатылатын болды. Бұл бауырлас екі халықтың ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Қазақстан Президенті биыл Оңтүстік Корея Республикасы мен Түрікменстанға мемлекеттік, Тәжікстанға, Бельгияға және Швейцарияға ресми сапармен барды. Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапар барысында Президент Мун Чжэ Инмен кездесіп, Пусан қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашу жөнінде келісім жасалды. Сондай-ақ 1,7 миллиард доллар болатын 30-дан астам келісімге қол қойылды. Сапардың ең бір көңіл толқытар тұсы, Сеулдегі Кибер университетінің аумағында Абай бюстінің ашылуы деуге болады. Ал Түрікменстанда экономика, көлік қатынасы, білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы және сауда салалары бойынша ынтымақтастықты дамытуға бағытталған 20 құжатқа қол қойылды. Сапар барысында 2022 жылы Түрікменстанның Қазақстандағы Мәдени күндерін өткізу жоспарланды. Сондай-ақ Ашғабадта Түрікменстан Президентінің ұсынысы бойынша қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылатын болды. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен келіссөз жүргізіліп, өзара сауда-саттықты 1 миллиард доллардан асыруды көздейтін және қазақ-тәжік қатынастарын жаңа деңгейге шығаратын екіжақты алты келісімге қол қойылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Бельгияға сапары барысында Король Филиппен және Премьер-министр Александр Де Кроомен келіссөздер жүргізіліп, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құруға уағдаластық жасалды. Ал Швейцария Конфедерациясында осы елдің Президенті Ги Пармеланмен келіссөздер өткізіліп, жалпы құны 300 миллион доллардан асатын 6 коммерциялық келісімге және 10 коммерциялық емес құжатқа қол қойылды. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына, Түркияға және Тәжікстанға жұмыс сапарымен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Мәскеуде Ауғанстандағы ахуалға байланысты аумақтық қауіпсіздік, сондай-ақ интеграциялық бірлестік аясындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты. Қазақстан Президенті Ыстанбұлда өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммитіне қатысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін одан әрі дамытудың перспективалары, ұйым аясындағы ынтымақтастық туралы баяндама жасады. Осы жиында көзіміз көрген көңіл толқытар сәтті айтпасқа болмас. Президент сөзінің соңында бауырлас түрік халқына алғыс айта отырып, «Мен бүгін өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр. Ол өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары, он жыл бойы Түркия Республикасының Премьер-министрі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын», деп өткен ғасырдың ортасында Түркия мемлекетінің үкімет басшысы болған Аднан Мендересті еске алды. Іле-шала Қазақстан Президентінің осы сөзін Түркияның ғана емес, күллі түркі әлемінің ақпарат құралдары цитата ретінде қайталап беріп жатты. Қазақстан Президентінің жан тебірентерлік сөзінен кейін бірден Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған сөз алып, үлкен алғыс білдірді. Тіпті А.Мендересті өздері бірінші болып еске алмағандарына өкініш білдіріп, аса қатты толқып тұрып, өткен тарихқа тағзым жасалатынын, телеэкран арқылы көріп отырған барша түрік халқын А.Мендерестің және онымен бірге шейіт болған серіктерінің рухына арнап дұға жасауға шақырды. Міне, аса үлкен мінберде өз ұлтыңа, туған халқыңа қатысты осындай ірі әңгімелер айтылып, бір-біріне шынайы жүрекжарды лебіздерін білдіріп жатқанда жүрегі бар адам толқымай тұрмайды екен. Бұл – көңіл толқытып, көзге жас келтіретін өте нәзік дүние әрі екі ел арасындағы бауырластық байланыстарды жоғары деңгейге көтеретін аса маңызды қадам. Сонымен жылдың басында біздің елімізге мемлекеттік сапарды қырғыз ағайындар бастаған болса, екінші көршіміз Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің сапары биылғы жылдың жоғары деңгейдегі кездесулерін аяқтады деуге болады. Яғни желтоқсанның басында Өзбекстан Президенті мемлекеттік сапармен келіп, екі ел Президенттері Одақтастық қатынастар туралы декларацияға қол қойды. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясы аясында өткен төрт бірдей іс-шараға – Жалпы саяси дебаттарға, БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитіне, COVID-19 пандемиясы жөніндегі жаһандық саммитке және Ядролық қаруды толық жою жолындағы Халықаралық күрес күніне арналған жоғары деңгейдегі пленарлық отырыстарға онлайн режімде қатысты. Ауғанстанда болған жағдай бүкіл әлемнің назарын аударды. Мемлекет басшысы өзі қатысқан барлық халықаралық саммиттерде, конференциялар мен түрлі форматтардағы жиындарда ауған халқын қазіргі ауыртпалықтарымен бетпе-бет қалдыруға болмайтынына назар аударып, әлемдік қоғамдастықты Ауғанстанға мейлінше қолдау көрсетуге және ондағы ауыр гуманитарлық жағдайды түзеуге шақырып келеді. Бұл тұрғыда Қазақстан Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ-ның Миссиясын және Ұйымның Ауғанстандағы басқа да бөлімшелерін дер кезінде көшіріп алды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу үшін тасымалдау алаңын ұсынуға және біздің елдің де қомақты үлес қосуға дайын екенін айтып келеді. Алматыда БҰҰ-ның Аймақтық хабын құру жөніндегі бастама көтерілді. Жақында Президенттің тапсырмасы бойынша Мемлекет басшысының арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Кабул қаласында болып, Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі Қазақстанның шешімін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан астанасы аса жоғары деңгейдегі шетелдік делегацияларды көп қабылдай бастады. Жалпы, биыл Президент 80-нен астам халықаралық кездесу өткізіп, келіссөз жүргізді. Қазақстан барлық бағыт бойынша сыртқы саяси аренадағы ықпалдастығын нығайтып келеді. Халықаралық байланыстардың да географиясы кеңейе түсті. Ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша жандануы пандемиядан кейінгі кезеңдегі әлемнің қалыптасуына ықпал етуге тиіс. Сол кезде шекаралар ашылып, саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және халықаралық байланыстар жаңа деңгейге көтеріледі.
Түйін
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы президенттіктің екі тізгін, бір шылбырын қолға алған кезде әділетті қоғам құру туралы айтқан болатын. Осыған дейін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен атқарылған қыруар шаруаны, Тәуелсіз елдің тарихи көшін шашау шығармастан сабақтастыра отырып, өрлеуді басты мақсат етіп қойды. Сабақтастық пен әділдікті қос қанат қылып, өрлеу, яғни, даму жолын жалғастырдық деуге толық негіз бар. Бұл үш мақсатқа жеткізетін көзіміздің ағы мен қарасындай үш қазынамыз аман болсын. Ол Президент айтқан жер, тіл және береке-бірлігіміз. ХХІ ғасыр білім мен біліктің заманы. Осы елдің болашағы, яғни менің замандастарым бірінші кезекте білімге назар аударып, шынайы бейіл қойғандары абзал. Жаңа ғасырдың жаңа талаптарына сай маман болуға ұмтылу керек. Мемлекет басшысы әр жиында, жастармен кездесулерінде, мақалалары мен сұхбаттарында үнемі білімді ұрпақ тәрбиелеу мәселесін айтып келеді. Екі жыл қатарынан жолдауларында сапалы білімге үлкен тарау арнады. Бұл жайдан-жай айтыла салған әңгіме емес. Биылдан бастап тек қана мұғалімдердің жалақысын көтеру үшін алдағы үш жылда мемлекеттік бюджеттен 1,2 трлн теңге жұмсалмақ. Өйткені ұстаз түзелмей ұлттың түзелуі неғайбыл. Біздің ұлтымыз демографиялық жағынан өсіп келеді. Енді ұлттық сапаны өзгертіп, ұлттық сананы қалыптастырған абзал. Жуырда елордамызда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Бұл өзі пандемияның шектеулерінен кейін өтіп отырған ең алғашқы алқалы жиын болды. Алты Алаштың баласы жиналған осы басқосуда Мемлекет басшысы үлкен мінберден толқып тұрып сөйледі. «Асқар тау алыстаған сайын асқақ көрінеді. Біздің бабаларымыз қазақтың дербес мемлекет құрып, еркін өмір сүруге құқылы екенін тарих алдында дәлелдеді. Осылайша, мыңжылдықтар тоғысатын тұста азаттық туы көгімізде желбіреді. Ұлттың ең ұлы мұраты – Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол сәттен бастап Қазақ елінің ұлы көші болашаққа бет түзеді. Халқымыз өз мемлекетін құруға кірісті. Бұл – тарихи әділдіктің орнауы. Мүлдем жаңа геосаяси ахуалда мемлекет құру оңай шаруа емес, нағыз көшбасшының ғана қолынан келетін іс. Ең күрделі, бұлыңғыр кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай дара тұлға тарих төріне шықты. Анығын айтқанда, Тәуелсіздік шежіресі Елбасының қолымен жазылды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Мемлекет басшысы арғы-бергі тарихты қозғай келіп, осы тәуелсіз Қазақстанның жүріп өткен 30 жылын үш кезеңге бөліп саралайды. Сөйтіп төртінші онжылдық қандай болмақ, Жер бедерінде, тарих тақтасында қазақтың алдағы тағдыры не болмақ деген салмақты сауалдарға жауап береді. Ал ол жауапта алдағы онжылдықта мемлекет, мемлекеттік аппарат, қала берді, өзін осы тәуелсіз елдің азаматымын деп санайтын әрқайсымыз атқаратын қыруар шаруалар мен міндеттер безбенделген. Тәуелсіздікке тәу еткен алқалы жиында: «Біздің іс-әрекеттеріміз жемісті болуы үшін ұлт дамуының көкжиегін кеңейтіп, мемлекетіміздің болашағын айқындап алуымыз керек. Бұл ретте өз мүмкіндіктерімізді шынайы бағалау, елдің іргелі мүдделерін ескере отырып, барынша прагматикалық тұрғыда әрекет ету маңызды. Азаматтардың тұрмыс сапасын артыруға қатысты алдымызда жаңа міндеттер тұр. Біз «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» негіз қалаушы қағидатын берік ұстанатын боламыз», – деді Президент. Бұл міндеттерді орындау, жоғары нәтижеге қол жеткізу мына сіз бен бізге сын, қадірлі оқырман. Қазақ елі тәуекел етіп Тәуелсіздіктің төртінші он жылдығына аяқ басты. Тарих көшіндегі еліміздің азаттығы баянды болсын!
Берік УӘЛИ, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы