"Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу - аш түйенің күйсеуі сынды дәрменсіздік",- деген екен Әлихан Бөкейхан. Еліміздегі әрбір жанұяның, әр азаматтың басындағы басты мәселесі түптеп келгенде жұмыссыздыққа келіп тіреледі. Ерінбеген адамның екі қолына бір күрек қашанда табылады емес пе?! Болмайтын жерден кербездігіміз ұстап кейде жұмыс талғап жатып аламыз. Ал, аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары "жұмыс сұрап келген жандардың барымызша бетін қайтармауға тырысамыз",- дейді.
Аудан әкімдігі жанындағы халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметіне көз жүгіртсек, осы жылдың қаңтар айында жұмыс іздеуші ретінде 138 адам хабарласса, оның 92-сі белсенді шараларға қатыстырылып, 47-сі тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, әлеуметтік жұмысқа 15 адам жіберілсе, 30 адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Десе де кәсіби даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлауға әзірге адам жолданбаған екен.
Аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналар да аталмыш бөлімнің бақылауынан тыс қалып көрген емес. Айталық, ағымдағы жылдың қаңтар айына атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) бойынша 23 жанұяның 111 адамына 1 082 693 теңге тағайындалыпты.
Жасыратыны жоқ, жұмыс іздеп жүрген жандардың көбі жоғарғы жалақы мен вахталық ауысымдағы жұмыстарды {jcomments off}көздейді. Ал, ауданда жетіспейтін мамандықтардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасайтын мамандар (логопедтер) көш бастап тұр. Қазіргі жастар бұл мамандықты таңдағысы келмей ме, әлде жұмысынан жүрексінеді ме, әйтеуір білім ордалары бұл түйткілді мәселені өздерінің өзге де мамандарының біліктілігін арттыру арқылы шешуде екен.
Сондай-ақ, аудан мектептерінде орыс тілі, химия пәндерінің ұстаздарына тапшылық байқалады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәніне де орындар табылады. Тәртіп сақшыларының тапшылығы да газетіміздің бірнеше нөмірінде бұған дейін көтерілген еді. Сондай-ақ, территориясы ауданымызда тұрғанымен негізгі ғимараттары өзге облыстарда орналасқан ұжымдар да бар. Мәселен, өзіміздің "Депо" керекті мамандарды жұмыспен қамту мекемесіз-ақ өз сайттарына жариялай салады екен.
Ризығымыз өлшеулі десек те, "алма піс, аузыма түс" деп отыратын заман әлдеқашан өтіп кетті. "Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік. Білімге сенген заманда қапы қалып жүрмейік",- деп айбынды Абылай хан айтпақшы, әрекетке көшетін кез келді.
Әрекетке - берекет!
А.САДЫҚОВ