Жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді кімдер және қалай алады?

(2 Votes)

Әлеуметтік қатердің бұл түрі – ҚР 2005 жылғы 25 сәуірдегі N 405 «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңымен реттеледі.

Жұмысынан айырылған жағдайда тағайындалатын әлеуметтік төлемді алушылар - жұмыссыздық мәртебесін иеленген тұлғалар.

Аударым қандай мөлшерде жүргізіледі?

Заңның 14-бабына сәйкес, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылар үшiн Қорға төлеуге жататын әлеуметтiк аударымдар мөлшері 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – әлеуметтік аударымдарды есептеу объектiсiнің 3,5 пайызы мөлшерінде белгiленді.

Кімге төленеді?

Егерде Cіз, жұмысыңыздан айырылсаңыз яғни жұмыссыз қалсаңыз, бұл төлемнің түрін алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі Халықты жұмыспен қамту орталығына барып жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыссыздық мәртебесін иеленесіз.

Қордан төленетiн төлемнің бұл түріне құқық халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретiнде тiркелу үшiн өтiнiш жасаған күннен бастап туындайды.

Төлем алу үшін қайда өтініш жасайды?

- Халықты жұмыспен қамту орталығына; - «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына; - «Электронды үкімет» (egov.kz) веб-портал арқылы. Тағайындау қалай жүргізіледі? Заңның 23-бабының 5 тармағына сәйкес, Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем кейіннен өтініш жасалған кезде, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін, бұрын алып келген әлеуметтік төлемнің әрбір айы үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысудың жалпы өтілінен он екі айдың шегерілетіні негізге алына отырып, тағайындалады.

Жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем алу үшін негізінен соңғы күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген болуы қажет.

Төлем түрін алудың мерзімі – бір айдан төрт айға дейін жүргізіледі. Ал, ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша штат санының қысқартылуына, заңды тұлға таратылуына, қызметтер көлемінің төмендеуіне байланысты жұмысынан айырылған адам үшін алты айға тағайындалады.

Жұмысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем мөлшерi әлеуметтiк аударымдар объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшерiн тиiсті табысты ауыстыру коэффициенттерi мен қатысу өтілінің коэффициентiне көбейту арқылы айқындалады.

Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы үшiн қатысу өтілінің коэффициентi:

алты айдан кем болғанда – 0,1; алты айдан он екi айға дейiн – 0,7; он екi айдан жиырма төрт айға дейiн – 0,75; жиырма төрт айдан отыз алты айға дейiн – 0,85; отыз алты айдан қырық сегiз айға дейiн – 0,9; қырық сегiз айдан алпыс айға дейiн – 0,95; алпыс ай және одан да көп айларға – 1,0 болады.

Әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшері жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын жиырма төртке бөлу арқылы айқындалады.

А.Б.Шатенова,

Атырау облысы бойынша «Мемлекеттік сақтандыру қоры»

АҚ филиалының директоры

Сурет: ашық дереккөзден

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT