НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда халыққа қызмет көрсетуде жаңа жоба қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Боиметрия - Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен egov.kz порталында адамның кескіні мен саусақ іздерін сәйкестендіру арқылы қызмет көрсетуге көзделген пилоттық жоба», - деп жазды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Мұрат Жұманбай өзінің Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, ендігі уақытта қазақстандықтарға электронды цифрлық қолтаңбаны өзімен бірге алып жүрудің қажеті жоқ.
«Адам кескіні мен саусақ іздері арқылы халыққа қызмет көрсету орталықтарының базалық ақпараттық жүйесінде 2 қызмет түрін ала алады. Оның бірі мекенжай анықтамасы, екіншісі жылжымайтын мүліктің жоқтығын растайтын анықтама», - дейді ол.
Қазіргі уақытта аталған жаңа қызмет түрі Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда қалаларында қолжетімді.
Департамент басшысының дерегіне сүйенсек, бүгінде биометриялық қызметтер базасына 14 299 адам тіркелген.
Автор: Дәулет Ізтілеу
Сурет: ашық дереккөзден