Жадымда жаңғырған жарқын бейне

(0 Votes)

Биыл Жеңістің 80 жылдығы. Бұл тарихқа тағзым етіп, әр отбасының жүрегінде сақталған ерлікті еске алатын ерекше күн. Біздің әулет үшін бұл сәт – үлкен атамыз, Ұлы Отан соғысының ардагері Мұса Балуановқа деген шексіз құрмет пен сағыныш күні.

 Мұса Балуанов атамыз 1924 жылы сол кездегі Гурьев облысында дүниеге келген. 1941 жылы жасындай жарқылдап тұрған жас кезінде майданға аттанған. Ол кісі майданның алғы шебінде жауға қарсы шайқасып, ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес армиясының маршалы Г.К.Жуков», Жеңістің 20-55 жылдығы құрметіне және КСРО Қарулы күштерінің 50,60,70 жылдығы мерекелік медальдармен наградталды.

Соғыстан кейін елге оралған Мұса атамыз бейбіт өмірді қалпына келтіру ісіне белсене араласып, еңбек майданында да ерен ерлігімен көзге түсті. Теміржол саласында машинист қызметін атқарып, темірдей тәртіп пен жауапкершілік талап ететін мамандықта жылдар бойы еңбек етіп, мыңдаған жолаушының барар жеріне аман жетуіне үлес қосты. Бұл оның ел алдындағы екінші ерлігі десе де болады. Лениннің 100 жылдығына орай «Ерен еңбегі үшін», «Коммунистік еңбек екпіндісі», «Еңбек ардагері» медалін де кеудесіне тағып, 1974-1977 жылдары бірнеше мәрте Социалистік жарыстың жеңімпазы атануы – соның айғағы.

Бұл марапаттар – Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, жанқиярлық еңбегінің айғағы. Мен атамды өмірінің соңғы жылдарында көрдім. Ол кезде менің жасым алтыда еді. Сол балалық шағымда онымен бірге Жеңіс күніне арналған концерттер мен іс-шараларға барған сәттерім есімде. Сонда атамның көпшіліктің арасында ерекше құрметке ие болғанын бала жүрегіммен сезіндім. Оның жанында жүргенімді мақтан тұтатынмын. Әкем де атамды ерекше құрметтейді, үнемі оның батырлығы мен ақылдылығын айтып отырады. Ал анам: "Осындай асыл атаның қолынан бата алған келін болу – мен үшін үлкен бақыт" деп тебіренеді.

2002 жылы Мұса атамыз мәңгілікке сапар шекті. Бірақ оның бейнесі, сөзі, ерлігі мен жасаған игі ісі – біздің жүрегімізде, жадымызда. Ол – тек бір әулеттің ғана емес, тұтас ұрпақтың тағдырынын ойып тұрып орын алатын тұлға.

Мен де атам секілді 15 наурыз күні дүниеге келгенмін. Бұл – мен үшін жай сәйкестік емес. Бұл күн – ата мен шөберенің арасындағы рухани сабақтастықтың белгісі. Осындай тұлғаның ұрпағы екенімді әрқашан мақтан етемін.

Гүлмира Ардаққызы,

шөбересі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT