БАРЛАУШЫ РАДИСТ

(0 Votes)

Мақсат – келместің кемесіне мініп кеткен қимас жандар рухымен сырласып, өткенге салауат айту. Заманында бармын деп тасымаған, жоқпын деп жасымаған, біреуден ілгері, енді біреуден кейін құба төбел ғұмыр кешкен, даналық дариясынан сусындап, абыз атанған, аузы дуалы, майдангер ақсақал Рақым Қайырұлы есімін еске алып, өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихат ету еді. Орта бойлы, иықты, қой көзін тіке салып қарайтын, қою ақ бурыл шашын кейін қайырып, сәндеген сексен жасты алқымдап қалса да жүріс-тұрысы келісті соғыс және еңбек ардагері Рақым абыздың алдын көріп, дәмдес болған жандардың біріміз.

 Рақым Қайырұлы 1920 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы Қасымтау елді мекенінде дүние есігін ашқан. Қатыгез тағдыр Рекеңнің де маңдайын сипай қоймаған. Екі жасында әке-шешесі өмірден озып, жетімдік санатына қосылып жүре береді. Адамзаттың данагөй ақыны Омар Хаям «Мен өмірге сұранып келгенім жоқ, келген соң кет десең де кетпеймін бұл өмірден», - деп айтқанындай, қайсар бала тағдыр тәлкегіне қарсы тұра білді.

Туыстарының панасында жүрген бозбала тағдыр салмағын ауырсынбай жүріп, ауылдағы орталау, кейіннен аудандағы орта мектепті тауысады. Орта оқу орындарының берген ілімін жетік меңгерген боз жігіт еңбек жолын «Еңбек» колхозында есепші болып бастайды. Ұжымдық шаруашылықтың есеп қызметін меңгерген жас жігіт ұжымшардың іс-қағаздарын жүйеге келтіру, құрал-жабдықтарын жинақтау, оның мақсатты жұмсалу қызметінің реттелуіне өз үлесін қосу нәтижесімен ауылдастарының лепісіне бөленеді.

1940 жылдың қабағы салбыраған күз айы да келеді. Сол жылғы қазан айының шуағынан гөрі, ызғары мол болды. Колхоздың жас есепшісі Рақымға аудандық әскери комиссариаттан армия қатарына азаматтық борышын өтеуге шақырған қағаз келіп, төрт жылға кете барды (Сөз орайы келіп тұрғанда айта кеткен абзал. Ол кездердегі армияда қызмет ету мерзімі: құрлықтағы сарбаздарға 4 жыл, ал теңізшілерге 5 жыл болатын).

Әскер қатарына алынған Рақым Қайырұлы Моңғолия Республикасының «Халхин-Гол» деген жерінде тұрған Кеңес армиясының құрамында өтеп жатады. Отан алдындағы азаматтық борышын өтегеніне тоғыз ай толар-толмасында Рақымдар сол тұстың Бүкілодақтық Орталық радио торабының аңызға айналған дикторы Юрий Борисович Левитанның адам баласының алпыс екі тамырын шымырлататын қоңыр дауысымен оқыған, Кеңес Одағына фашистік Германияның тұтқиылдан шекараны бұзып, соғыс ашып, шығысқа қарай сүзе кіріп, жолдағысының бәрін өртке орап, қанқұйлы соғыс салып келе жатқаны жайлы жайсыз хабарды естиді. Жас жауынгер енді бір жылдан соң ауылына оралғалы тұр еді. Арманы – жоғары білім алу. Жас жігіттің бұл талабын мына жайсыз хабар күлдей шашты. Ұлы Отан соғысы басталған соң Кеңес әскери күшін білікті мамандармен жабдықтау жұмыстары шұғыл қолға алынады.

Соғыс кезіндегі ұрыс- қимыл тәсілдерін меңгерудегі қарым -қабілеттеріне қарап, курсанттар іріктеліп, әскери әртүрлі мамандар даярлайтын қысқа мерзімдік курстарға жіберіле бастайды. Оқуға бейім, орыс тілін ана тіліндей меңгерген, айтылған сөзді қағып алып, мүдірмей қайтып айтып беруге қабілетті, қолға алған ісіне ықтиялды, сақа сарбаз Рақым Қайырұлы Моңғолияның Баян-Тумен қаласындағы радист-байланысшылар даярлайтын курсына қабылданады. Бұл курсты бітіріп, мың тоғыз жүз қырық бірінші жылдың ызғары желтоқсан айында Кеңес Одағына, Алтай өлкесінің Бииск қаласына жіберіліп, батыстағы азаттық жолындағы соғыс жорығына шыққалы тұрған 232 атқыштар дивизиясының 782 полкіне байланыс ротасының құрамына алынады.

1942 жылы 15 маусым күні осы дивизия құрамында Воронеж қаласы түбінде соғысқа тұңғыш рет шайқасқа түседі. Келесі күні аспандағы тырналардың тізбегіндей, бірінің соңынан бірі салып ілгері үш бұрыштана ұшқан алыстан дұшпан самолеттерінің тізбектері көрінгені қазіргідей көз алдында майдангер қарияның.

Дұшпан ұшақтарының бомбылауынан полктармен байланыс үзілері әбден мүмкін еді. Айтса айтқандай фашистік Германияның бомбалаушы ұшақтары кеңестік қорғаушы, жойғыш ұшақтары келгенше бомба жүктерін құмалақтай тастап, қайтып кетеді. Дивизия штабының алдыңғы шептегі полктармен байланысы үзіліп, әбігерге түсе бастайды. Бомбалардың аспанға ғарыштап көтерілген қою қара шаңының астынан жылан бауыр танкілері қолдаған жаудың жаяу әскерінің жедел шабысы көрінеді. Рақым Қайырұлы негізі байланыс ротасынан 10-12 шақырым алда жүріп, соғыс қимылдарын одан әрі жүргізуге оңтайлы жағдай туғызу тапсырмаларымен жүріп, ыңғайлы позицияны таңдап, байланыс орнатып, штабқа майдан ахуалын хабарлап отыратын бөлімде болатын. Бөлім соңғы жетік қарумен қамтылған да болатын. Осы кезде бөлімге жау тылында жүрген кеңес барлаушыларынан жедел құжат түсіп, оны дивизия штабына жеткізу тапсырылады. Бұл тапсырманы орындау барлаушы-радист Рақым Қайырұлына жүктеледі.

Мина алаңынан әупірімдеп шыға келген Рақымдар (серіктестікке екі жауынгер қасына ерткен болатын) қиян-кескі шайқас үстінен түседі. Жылан бауыр фашистік танкі қолдаған жаяу әскері дивизия штабының алдыңғы шебінде тұрған полктің бір қанатындағы жауынгерлермен қолма-қол ұрыс шайқасына да жеткенге ұқсайды. Рақымдар үшке бөлініп, бір бүйірден үш жерден атақты ППШ автоматтарымен жасыл түсті киімділерді атқылай бастайды. Фашистер мұны кеңестік армияның қосымша күші көмекке келдіге жорып, шегініп кетеді. Рақымдар мұндай ерлік жасадық деп сезінген де жоқ еді. Осы шайқастан кейін дивизия командирі Рақым Қайырұлы кеудесіне «Қызыл жұлдыз» орденін тақса, екі серігіне «Ерлігі үшін» медальдарын табыстайды. Иә, бұл Воронеж түбіндегі І және ІІ Украина майданының ашылуына мүмкіндік алып берген шайқас еді. Иә, бұл біздің кейіпкеріміз Рақым Қайырұлы алғаш рет ажал оғының иісін, алды-артынан түскен снарядтың дүлей жарылысынан құлақ тұнысын жан-тәнімен сезген шағы еді. Аяқ- қолынан айырылып, қансыраған өзіндей өрен сарбаз жігіттердің зарын осы Воронеж түбіндегі соғыста көріп, жауға деген кегі үдей түсті. Жараланған жауынгерлерге медициналық көмек көрсетемін деп шауып жүрген сары ауыз, үрпек бас медбике қыздардың оққа ұшып жатқаны тіпті аянышты еді. Рақым Қайырұлы Құрманбаев І және ІІ Украина майданы құрамындағы дивизия, полк құрамында жүріп, Воронеж, Курск облыстарын, Украина елінің қалаларын неміс – фашист басқыншыларынан азат етуге, кәрі құрлық Еуропаның байырғы мемлекеттері Чехословакияны (бүгіндері бұл ел Чехия, Словакия тәуелсіз мемлекеттер болып бөлінді), Венгрия, Румыния, Австрия мемлекеттерінің Банская Быстрица, Прага Мешкольц, Пашкачи қалаларын фашистік Германияның әскерінен азат етуге қатысты.

Фашистік Германияның одақтасы Жапонияның Қытай еліне жасаған отаршылдық шабуылы Қытайдың Кеңес елімен арадағы саясаттың түзелуіне әсер етті деуге де болады. Атақты жерлес, майдангер, дауылпаз ақын Хамит Ерғалиев бір өлеңінде: «Қытай туды – Сталиннің өз атын Көкке нұрмен, жерге гүлмен жазатын! Қытай туды – мәртебелі мінбеден Жолдас Мао қолын алға созатын!» - деп жырға қосқаны содан болса керек.

Сақа барлаушы - радист жауынгер енді сол «Жолдас Мао» елінде жүріп жатқан азамат соғысына көмекке жіберілді. Рақым Қайырұлы Қытайдың Урумчи, Шығыс Түркістан деген жерлерін азат ету күресі ортасынан табылады. Кең-байтақ КСРО елінің батысынан да, шығысынан да тәуелсіздігін жойып, құл етпекші ниетте болған фашистік – агрессиялық шабуыл соғысын тойтаруға қатысқан Рақым Қайырұлы Құрманбаевтың бұл кезеңдердегі еңбегін Үкімет жоғары бағалап, екі мәрте ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, екінің бірінің кеудесіне тағыла бермейтін «Қызыл жұлдыз» орденімен, бұлардан басқа жауынгерлік медальдармен марапатталып, әскерде алты жыл болып, оның төрт жылын қиян-кескі соғыспен өткізген сарбаз Рақым 1946 жылдың наурызында еліне оралады.

Сөйтіп, жиырма алты жасар орденді майдангерді жерлестері жылы ілтипатпен қарсылап, оған бірнеше күннен кейін колхоздың бастауыш партия ұйымын басқару қызметін ұсынады. Рақым Қайырұлы аласапыран соғыстан кейінгі жұмысын осылай бастайды. Ол соғыс кезінде Отанын қорғау үшін игерген, меңгерген байланыс қызметін енді бейбіт еңбекпен ұштастырады. Рақым Қайырұлы мың тоғыз жүз елуінші жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданының Сүйіндік, Балқұдық елді мекендеріндегі және Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласындағы №7, 27 байланыс бөлімшелерін басқарады. Майдангер Рақым Қайырұлы байланыс саласындағы ұзақ жылдардағы ерен де жемісті еңбегі «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен бағаланды. Сондай-ақ оның есімін жерлестері облыс байланыс саласының Құрмет кітабына енгізді. Махамбет аудандық мәслихатының шешімімен Махамбет ауданының құрметті азаматы берілді.

Майдангер Рақым Қайырұлы Құрманбаев кіндігінен тараған жалғыз ұлы Асқардан шөбере көріп, ұрпағының қуанышына бөленді. Рақым қария – әдемі қартайған жан. Абыз ата Рақым Қайырұлы Құрманбаев замандастарына, ұрпағына айтар батасы, дуалы тілек сөзі бар азамат болды. Баласы Асқар жанұясының төрінде, мамық көрпеде отырды. Жалғыз тұяғы Асқардың келіні Шәмшия Мырзабайқызы екеуінен алты немере көрді. Қызының қияға ұшырылғанын, ұлының ұясына қондырылғанын көрді. Барлығының жоғары білім алуына мүмкіндік туғызды. Олар алған мамандықтарымен жұмыс жасайды. Бірі құқық қорғау саласының маманы, кіші әділет кеңесшісі, енді бірі медицина саласының мамандары, әскери қызметкер, тағы бірі ұялы телефон байланысының менеджері болып, ел табысын молайтуға үлестерін қосып келеді.

Осындай өркен жайып, өскен-өнген шаңырақта өнегелі тәлім-тәрбие алған қарт жауынгер, абзал азамат, абыз ата ұрпақтары бұл күнде өмірден өз орындарын тауып, өз алдына бір-бір үй болып, тірлік тінін жалғастырып келеді.

М.ҚҰЗАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT