Үш кітабы оқырманға жол тартты

Үш кітабы оқырманға жол тартты
(0 Votes)

Республика күні қарсаңында аудандық орталық кітапхананың «Туған жер қаламгерлері» атты жобасының аясында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ журналистикасының қайраткері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Жұмақай Ғұмаровтың «Ана қуаты», «Талант тағылымы», «Аманатқа адалдық» атты кітаптарының тұсаукесер кеші өтті.

Кешке ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар қатысты. Шара Жұмақай Мұғалұлының өмір жолынан сыр шерткен бейнесюжетті тамашалаумен басталды.

Құттықтау сөзінде Қазақстан Жазушылар одағы аудандық «Теңіз» филиалының төрағасы, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев аталған кітаптар авторының еңбегіне жақсы баға беріп, бәрі де өмірден ойып тұрып орын алатын, ауданымызда өмір сүрген адамдарды әдеби көркем тілмен суреттеген дүниелер екенін айтып, алда да жазар көбейе берсін деген ізгі тілегін арнады. Жас ақын Жанаргүл Оралқызы арнау өлеңін оқып берді. Аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева кеш кейіпкерімен білім саласында бірге жұмыстас болғанын айтып, үлкен адамгершілігіне, адамдармен жақсы қарым-қатынасына тоқталды. Әріптес інісі, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері, танымал ақын Таңатар Дәрелұлы Ж.Ғұмаровтың кітаптары тілі шұрайлы, оқылуы жеңіл екенін жеткізіп, арнау өлеңін оқыды.

Автордың жаңа кітаптарына кітапханашы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Есмұхан Жанизин шолу жасап, мазмұндарын қысқаша таныстырып, арнау өлеңін оқып шықты. Ізгі тілектерді ардагерлер Әуез Ізжанов, Бақытжан Мусағалиев, Оразғали Алғаязов жалғады. Үш кітаптың тұсауын академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева, ақын Таңатар Дәрелұлы, кеш кейіпкерінің құрдасы Бақытжан Мусағалиев, білім саласының ардагері Балғаным Хасенова, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Анар Мусина кесті.

Құрдастарынан Мәлік Матыбаев шапан жапса, ағайындары атынан Елемес Өтегенов сөйлеп, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Анар Нуриқызы ізгі тілегін жеткізді. Құрманғазы ауылдық округі әкімінің орынбасары Алмас Нұрмұханов округ әкімінің Алғыс хатын табыстады. Соңында кеш кейіпкері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ журналистикасының қайраткері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Жұмақай Ғұмаров сөйлеп шараны ұйымдастырып жатқан кітапхана ұжымына ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521