«Мақат жастары» қоғамдық ұйымының төрайымы Әйгерім Қангерееваның ұйымдастыруымен 11-сынып оқушыларының мектеп бітіру кешіне дайындық барысында осал топтағы отбасы балалары үшін екінші мәрте тегін акция ұйымдастырылды.
Бүгінде сұлулық салонының қызметін пайдалану үшін тұтынушы бірнеше мыңдаған теңгені жұмсауына тура келеді. Кей сәтте қаражат тапшылығынан мектеп бітіруші түлектер кешке қатысудан бас тартып жатады.
Дегенмен, мектеп бітірушінің ұмытылмас сәтіне өзіндік үлес қосып, қол ұштарын ұсынған жастар да табылды. Олардың қатарында болған «Ағайындылар» ЖК-і 10 ұлдың шашын кешке лайықтап, қиып берсе, «Үміт» сауда үйінің сұлулық салоны, «Ләззат» салонының қызметкері Мейрамгүл Салықова мектеп бітіруші қыздарға мерекелік шаш үлгісін ұсынды. Ал, «Әсем» сұлулық салонының визажисі Раушан Мұрзагалиева және кәсіптерін жаңа бастаған Айнагүл Есимова, Айымжан Жамбылқызы және Мейіргүл Имакашева тырнақ әрлеп, түлектер мен олардың ата-анасының алғысына бөленді.
Өз тілшіміз
Сурет: ашық дереккөзден