АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазМұнайГаз» дәлелденбеген мұнай қоры 800 млн тонна болатын кен орындарын зерттеп жатыр. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына эксклюзивті сұхбат берген «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов айтты.
- «ҚазМұнайгаз» компаниясы жасап жатқан жұмыстардың ерекшелігі – терең шөгінді жыныстарды зерттеуге және бұрғылауға баруы. Мұны кез келген мекеме жасай алмайды. Себебі, оған ең алдымен қаражат керек. Мәселен, Қызылорда облысындағы Торғай палеозой жобамызда 5 500 метрлік тереңдікте бұрғылап жатырмыз. Мұнан бөлек, Атыраудағы Қаратон тұзасты учаскесінде бұрғылау жұмыстарын бастады. Ол да 5 500 метр тереңдікте жүргізіледі. Яғни, ұлттық компанияның қазіргі уақытта бет бұрған бағыты – терең жыныстарды, терең қабаттарды геологиялық тұрғыда зерттеу, - деді Асхат Хасенов.
Оның атап өтуінше, ұлттық компанияға елімізде 1 жылда өндірілетін мұнай көлемінің 26 пайызы тиесілі. Қалғаны жеке компаниялардың үлесінде.
- Ұлттық компанияға қажетті ең басты дүние – қорын ұлғайту. Осы бағытта былтыр да, биыл да бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бүгінде Атырау, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау өңірлерінде геологиялық барлау тұрғысынан бұрғылау жұмысын бастадық. Бұл жұмыс тоқтамайды. Қазіргі уақытта олар кен орны деп айтылмайды. Себебі мұнайдың бар-жоғы дәлелденбеген. Дәл қазір әлі дәлелденбеген 800 млн тонна мұнай қоры бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деді ол.
Осы орайда Асхат Хасенов «ҚазМұнайГаздың» «Теңіз» мұнай кен орнындағы үлесі 20 пайызды құрайтынын, бұл үлесті ұлғайту мәселесі жан-жақты пысықталуы тиістігін айтады.
- Әрине, ұлттық компания ретінде бұл үлестің ұлғайғанын қалаймыз, - деді «ҚазМұнайГаз» басшысы.