Жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, колледж және орта мектептердің қабырғаларында кәмелетке толмағандардың бірін-бірі бопсалау, тонау, топтасып төбелесу деректерін болдырмау, кәмелетке толмағандар арасындағы қоғамда теріс пікір тудыратын түрлі заңға қайшы әрекеттерге дер кезінде тосқауыл қою мақсатында облыстық ішкі істер департаментінің нұсқауы негізінде 16-18 қараша аралығында облыс көлемінде «Студент» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шара барысында аудан көлемінде кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу, болдырмау, өзімен бірге суық қаруларды алып жүретін студенттер мен оқушыларды, кәмелетке толмағандарға теріс тәрбие беретін ата-аналар мен ересектерді анықтау, сонымен қатар қоғам назарынан тыс қалған қолайсыз отбасыларды анықтап, ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қою, кәмелетке толмаған балаларына қатыгездік көрсететін, олардың тәрбиесімен айналыспайтын отбасыларды анықтау бағытында жұмыстар атқарылды.
Ол Жастар ресурстық орталығы, «Мақат тынысы» саяси-қоғамдық газеті, аудандық аурухана және білім беру бөлімі басшыларымен жасақталған жоспар негізінде жүзеге асып, жеке құрам толығымен қоғамдық тәртіпті қадағалауға жұмылдырылды.
Іс-шара барысында кәмелетке толмаған жасөспірімнің түнгі мезгілде, яғни 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейінгі аралықта заңды өкілінің ертуінсіз тұрғын жайдан тыс жерде жүруі бойынша 9 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Бір жыл ішінде қайталанып жасалған әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 1 тұлғаға әкімшілік хаттама жасақталып, сотқа жолданды. Сонымен қатар, жасөспірімдерге қарсы немесе олармен жасалатын қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау мақсатында ойын-сауық мекемелеріне рейд жүргізген мезгілде 18-ге толмаған 1 жасөспірім ойын-сауық орталығында ата-анасының немесе оларды алмастыратын заңды өкілінің ертуінсіз жүргені анықталып, жасөспірімнің ата-анасына 3 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Ал, ойын-сауық орталығының иесіне кәмелетке толмаған жасөспірімді ойын-сауық мекемесіне сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейінгі уақытта заңды өкілінің ертуінсіз кіргізгені үшін іс-құжат жинақталып, облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданады.
К.СЕРІКБАЕВА,
Мақат кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты.