Сұранысқа ие мамандық иесі ешқашан далада қалмайды

Сұранысқа ие мамандық иесі ешқашан далада қалмайды
(0 Votes)

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым еңбек адамын қадірлей білу қажеттігін баса айтып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осы оңтайлы уақытты пайдаланып, атакәсіптің абыройын қайта қайырамыз десек, үнемі ат үстінде жүретін малшылардың еңбегін ұлықтағанымыз дұрыс.

АУЫЛ АДАМДАРЫ ӘУ БАСТАН МАЛ БАҚҚАН, СОЛ АРҚЫЛЫ ЖАН БАҚҚАН ХАЛЫҚ ЕДІ. СОҒАН САЙ КӨПШІЛІГІ БАСҚА ТІРЛІККЕ МОЙЫН БҰРЫП ЖАТПАЙТЫН. АТА-БАБАСЫНАН БЕРІ ҚАРАЙ БҰЛ КӘСІПКЕ ЕРЕКШЕ МӘН БЕРІП, ЖЕСЕҢ – АС, КИСЕҢ – КИІМ ДЕП БІЛГЕНДІКТЕН ТӨРТ ТҮЛІКТІ ӨСІРІП, ТІРШІЛІГІНЕ БАСТЫ ТАЯНЫШ ЕТЕТІН. АЛ ҚАЗІР ШЕ?

Иә, бүгінде мал бағатын адам жоқ дегенге сенесіз бе? Алайда, бұл айна-қатесіз шындық жайт екен. Қыстың қытымыр аязында, жаздың аптап ыстығында мал соңында салпаңдап жүріп күнін көргісі келетіндер қазірде некен-саяқ. Сондықтан да болар, малшы іздеп сабылған шаруа қожалығы иелерін көп кездестіреміз. Бұрындары газетке құлақтандыру беріп жүретін, ештеңе шықпағасын бүгінде оны да қойды. Әупірімдеп тапқанның өзінде елуді еңсерген, алпысты алқымдаған егде адамдар ғана келісетін көрінеді. Бірақ, олардың бозала таңнан қара кешке дейін мал соңында, ат үстінде жүруге көбісінің қауқары жете бермейді. Айтса айтқандай, бүгінгідей, жеңіл жұмыстың түрі көбейген уақытта мехнаты көп малдың артында жүргісі келетіндер аз. Кеңестік кезеңде қос-қостап өңіріне орден-медаль таққан, машина мінген малшы-механизатордың мәртебесі бүгінде төмендеп кеткені рас. Мал бағудан қашады деп көбінесе жастар жағын кінәлап жатамыз. Алайда, мал бағу жастар үшін қызықсыз. Өйткені алыс қыстақтарда электр желісі, ұялы байланыс пен ғаламторы жоқ, газы тартылмаған. Олар да жас кезінде қызықты өмір сүргісі келеді. Кезінде кеңестік үкімет малшыларға барлық жағдайды жасады. Отын үшін көмірлеріне дейін әкеліп берді. Автодүкен, мәдени-үгіт бригадасы малшыларды аралап, концерттерін қойды, кино көрсетті. Кеңшар басшылары үнемі хабарласып, газет-журналдарын жеткізіп тұрды. Ал, қазір қыс қыстауда, жаз жайлауда жүріп, мал бағудан қолы тимейтін малшы назардан тыс қалды. Осылайша, қарапайым малшы табу үлкен мәселеге айналып шыға келіп отыр. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген мақалмен де ешкімді қызықтыра алмайсың.

Қайсысымен сөйлессеңіз де қожалық жетекшілері мал бағатын, соның ішінде шопан болатын адамның жоқтығын айтады. Ауылдағы жұмыссыз жандарды мал бағуға тартқанымен, олар көп тұрақтамайтын көрінеді. Ауылдық жерде екі қолға бір күрек таба алмай, қалада түрлі жұмыс жасап жүрген азаматтар жетерлік. Бірақ олар шаруашылықтарға барып қой бағудан қашады. Себебі, күні бойы малдың соңынан еріп жүру оңай емес. Шаруасына мығым малшы мен қойшы табу да өте қиын. Ондай жұмыстарға көп жағдайда әлеуметтік жағдайы төмен, ішкілікке құмар, өмірден өз орнын таба алмаған адамдар ғана барады. Басында бәрі жақсы болғанымен күндер өте келе бұл митың тірлік біртіндепжалықтырып жібере ме, қашқақтай бастайды.

Басқа түліктерге қарағанда қой малын бағу қиындау екені рас. Жастар жағы мал бағуға бармайды деп жатамыз, бірақ олардың бәрін бірдей жазғыра беруге болмас. Біздің ойымызша, негізінде мал бағатын жастар да, орта жастағы адамдар да бар. Әйтсе де, еңбекақының дұрыс төленбеуінен олар барған жерлерінде көп тұрақтамай жатады. Ондайлар арамызда көп екен. Жұмыс беруші ақша төледім деп демалыссыз малын бақтырып, одан қалса, қорадағы жұмысқа салып әбден титықтатады. Еңбекақыға келгенде түрлі сылтаулар айтып толық есептеспеуге немесе кешіктіріп беруге жақын жүреді. Жазатайым малынан шығын берсе мән-жайдың байыбына барудың орнына айқайға басып, екі-үш еселеп өндіртіп алуға жұмыстанады. Сөйтіп, мал иесі адал еңбек ететін жандарды өздерінен алыстатып алады. Шындығында, айтылғандардың бәрі өзара келісімге байланысты өріс алатын нәрселер ғой. Алайда, жұмыс беруші мен малшы арасындағы уағдаластық көбіне көп ауызша жасалатындықтан, орындалмай да жатады. Сонымен бірге, түрлі әлеуметтік төлемдерге қаражат аудару ескерілмегендіктен малшы қартайғанда зейнетақысыз қалады, сақтандырылмағандықтан дәрігерге де қаралаалмайды. Кез келген еңбек адамы өз мүддесін өзі ойламаса жұмыс беруші басын ауыртпасы айдан анық. Оған барынша аз төлегені тіптен жақсы. Әрине, шаруа қожалықтарының барлығына күйе жағудан аулақпыз. Жұмысшыларының еңбегін бағалап, жалақыларын толық төлейтіндер де жоқ емес. Негізінен, еңбек еткен адамның ақысын жемеген абзал. Жақсы ісімен көзге түссе, малдай болса да қосымша еңбегін беріп отырса ешкім қашпайды деген ойдамыз.

Мал баққан жан ғана бұл кәсіптің пайдасы мен зиянын, еңбектің машақаты мен зейнетін біледі. Өткен жылы Парламент қабырғасында малшылардың мәртебесін көтеріп, олардың зейнет жасын төмендету ұсынылған болатын. Алайда оның барлығы да сөз күйінде қалғаны өте өкінішті. Осындайда қазақтың «Балықшы желде, диқан жаңбырда, малшы өлгенде демалады» деген сөзінің жаны бар ма деп қаласың. «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмапты» дегендей, жылда үлестірілетін марапат-атақтан да кенжелеу қалып жататыны және бар. Оның бір дәлелі, тәуелсіздік жылдарында Мемлекет басшысының Жарлығымен берілетін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы бірде-бір рет зейнетінен бейнеті басым қарапайым малшыларға берілмепті. Тек өткен жылы ғана сірескен сең қозғалғандайболды, бірқатар еңбегімен еленген малбегілерге Ақорда төрінде мемлекетіміздің жоғары наградалары табысталды. Олардың қатарында «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің аға түйешісі Берік Салауов үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым еңбек адамын қадірлей білу қажеттігін баса айтып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осы оңтайлы уақытты пайдаланып, атакәсіптің абыройын қайта қайырамыз десек, үнемі ат үстінде жүретін малшылардың еңбегін ұлықтағанымыз дұрыс.

Малшылық – атакәсіп, қазақтың кең даласы тұрғанда, пайдасы шаш-етектен келетін төрт түлікті өсірудің қайтарымы мол екені даусыз. Қалай десек те, малшылықты ресми түрде мамандық деп мойындап, заңның қамқорлығына алмай, сайын даланың төсін қайтадан малға толтырамыз деу бекершілік сияқты. Малшының еңбегі бағаланып, мәртебесі көтерілсе, кейінгі буын ның арасынан атакәсіпке бет бұрушылардың саны артып, қызығушылар да табылар. Сұранысқа ие мамандық иесі ешқашан далада қалмайды. Бас- тысы, мал баққанға жан-жақты жағдай жасалуы керек.

Айбек НӘЖІМОВ

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT