Өркениет көрінісі

Өркениет көрінісі
(0 Votes)

Гендерлік саясаттың негізгі қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген әйелдер мен ерлердің тең құқығы мен еркіндігін белгілейді. Оның басты міндеттеріне – нәзік жандыларымыздың билік құрылымдарына ерлермен тең қатысуына қол жеткізу, экономикалық тәуелсіздіктің бірдей мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, өз бизнесін дамыту және қызмет бабында ілгерілеу, отбасында құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін жағдайлар жасау, жыныстық белгісі бойынша зорлықтан еркін болуы жатқызылады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік жылдары гендерлік саясатты дамытуда үлкен жұмыстар атқарды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Осы комиссияның ұйытқы болуымен 2011 жылдың 5 наурызында Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезі болып өтті.

Статистикалық мәліметтерді сөйлетсек, бүгінгі таңда барлық педагогтардың 73, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 пайызы қыз-келіншектер болып табылады. Бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызын әйелдер құрайды. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі көп жағдайда олардың кәсібилігінің арқасында жұмыс істеп тұр. Тәуелсіздік жылдарында ондаған әйелдер министр мен мемлекеттік органдардың басшылары болып тағайындалды. Жүздеген әйелдер Парламент мәслихат депутаттары болып сайланды.

Ауданымызда 2 округтің әкімі, 1 мәслихат төрағасы, кейбір дербес бөлім, мекеме басшылары, 1 облыстық мәслихат депутаты, 1 аудандық мәслихат депутаты – әйел адамдар. Олар бұл қызметтерді абыроймен атқару үстінде. Нәзік жанды болса да, олардың қай-қайсысы да нәтижелі еңбек етіп, ұйымдастырушылық қабілеттерімен көзге түсіп, білікті басшылар екенін істерімен көрсетіп келеді. Сонымен қатар, 21 мектептің директоры, 24 балабақшаның басшысы – әйел адамдар. Олар да өз ісіне мығым, шаруасын шырқ айналдырып жүрген азаматшалар. Бүгінде шағын және орта бизнес саласында кәсіпкер, шаруа қожалығы жетекшісі болып та суығына тоңып, ыстығына күйіп еңбек етіп жүрген нәзік жандылар ауданымызда аз емес. Осының өзі – әйелдердің қандай жұмысты да ерлерден кем түспей атқара алатындығының дәлелі.

Жылдан-жылға гендерлік білім беру жас ұрпақтың толыққанды тұлға ретінде қалыптасуында өзіндік оң нәтижесін беріп келеді. Бірақ, бұл әйелдерге немесе ерлерге толыққанды, шектеусіз еркіндік беріп, жауапкершіліктерін алып тастау дегенді білдірмейді. Кеірісінше, қоғамның биологиялық-психологиялық болмысын және мәртебесін сақтай отырып, болмыс тағайындаған дәрежедегі тиісті парыздарын күшейте түсуі керек. Бұл – екі тарапқа да бірдей қатысты мәселе. Жастарға гендерлік білім берудің басты мақсаттары мен күтетін нәтижелердің маңыздысы да осы. Қазіргі кезде азаматтық қоғам ұлттық гендерлік саясатты жүзеге асыруға, өмірдің барлық саласында оған қол жеткізу тетігін жасауға белсенді түрде, кең көлемді жұмыстар жүргізуде. Бұрын «Әйел теңдігі» ұғымы мәселе болса, қазіргі таңда ол «гендерлік теңдік» деген үлкен саясатқа ұласып, оның аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңы қабылданды және Президент жанындағы отбасы істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істеуде. Қазақстан Республикасында гендерлік теңдік стратегиясын жүргізу әйелдер мен ерлердің өздерінің өмір сүру құқықтарын жынысқа байланысты кемсітусіз іске асыруы үшін жағдай жасауға ықпал етеді. Әйелдер отбасында әртүрлі қызмет атқарады, оны саясатпен байланыстыру өте қиын, мүмкіншілік бар.

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT