Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасары, Н.Ерғалиев төрағалық етіп, комиссия мүшелері қатысты.
Отырыстың күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы К.Серікбаева баяндап өтті.
Мәселенің мәнісі, жасөспірім Н.Б. аудандық мектептің бірінен 9-сыныпты аяқтап, Мақат мұнай және газ технологиялық колледжіне оқуға түседі. Колледждің 1-курсын бітіріп, 2-курсына мүлдем бармай, сабаққа қатыспаған. Оқу орны аудандық полиция бөліміне хабарлап, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар тексеріс жүргізіп, акт жасақтаған.
Жиынға жасөспірім мен анасы келді. Комиссия мүшелері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жасөспірім Н.Б-ның құжаттарын Атырау қаласында орналасқан кешкі мектепке тапсыру жұмыстары анасы А.Т-ға міндеттелді.
Сонымен қатар, комиссияда кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған шаралар туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ж.Тілеуғалиев және инспектор К.Серікбаева баяндады.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сұрақтар талқыланып, ұсыныстар жасалды.
А.ТАУМҰРЫНОВА