Бүгінде кәсіптің көзін тапқанға барлық мүмкіндік бар.
Осындай жандардың бірі - Ермеков Қуаныш Мәлікұлы. Ол жеке кәсібін дамытып, фотосалон ашты.
Қанатын кеңге жайған «Адай» фотосалоны да Мақат, Доссор кенттерімен қатар, Сағыз ауылынан да ашады. Кәсіп дегеніміз - адал жолмен өзіңнің интелектіңді сата білу. Адам қай сала болса да өз ісінің майталманы болу керек. Ең басты мақсат - көштен қалмай, әріптестерімен қатарласа дамып отыру дейді, - жас кәсіпкер Қ.Мәлікұлы.
Қуаныш кәсіппен айналысып жүріп, қайырымдылық жасауды да ұмытқан емес. «Мектепке жол», «Жақсылық жаса» қайырымдылық акциясы аясында аудандағы білім беру ұйымдарының оқушыларын киіммен қамтамасыз етіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беруге үнемі атсалысып отырады. Сонымен қатар, «Иман жастары» жас еріктілердің қатарынан да табылып, балалар үйі, қарттар үйіне барып, қолынан келгенше көмегін ұсынып жүр.
Қуаныш жастардың уақытын тиімді өткізу үшін ұйымдастырылатын мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға қатысып, олардан тыс қалмай, КТК қатысушыларына, спортшы жастарға қолдау көрсетуден жалыққан емес, оларға демеу де болып жүр.
Белсенді жас Қуаныш Мәлікұлы атқарған жұмыстары үшін аудандық «Нұр Отан» партиясының, Атырау облыстық «Жас Отан» жастар қанатының, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Алғыс хатын» иеленіп, Құрманғазы ауданының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «2019 жыл - Жастар жылына» орай өткізілген спартакиадада «Үздік ойыншы» аталды. Қуаныштың осындай жетістіктері бар. “Ең бастысы - өзіңе сеніп, аздан бастау. Ал ары қарайғының бәрі - еткен еңбегіңе байланысты” дейді Қуаныш.
А.ТАУМҰРЫНОВА.