Биыл 25 қазан - Республика күні болып қайта бекітілді. Атаулы күн 2009 жылы мереке қатарынан алынып қалғанымен, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны атаулы күндердің бірі етіп бекітті.
Бұл турасында ел Президенті: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», - деді.
Құжатқа сәйкес, Республика күні 25 қазан – ұлттық мереке, ал Тәуелсіздік күні 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды.
Айта кетейік, 1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен "Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларация қабылданған кезден бастап егеменді Қазақстан еңсесі биік, жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Және қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды.
Алайда, Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана енгізілген болатын.
Өткенге көз жүгіртсек, 2009 жылы "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" қолданыстағы заңға өзгерістер енгізіліп, оған сәйкес, 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгертілуіне байланысты, 25 қазан - Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды.
Десе де, 13 жылдан кейін Республика күнінің қайта бекітілуі тарихи және маңызды шешімдердің бірі болды. Себебі, қайта жаңғырған ұлттық мерекеміз қазақстандықтарды одан әрі еркіндікке жетелегендей. Себебі, сан жылдар бойы армандаған егемендік бүгінде ғасырлар тарихынан сыр шертетіндей.
Бүгінгі таңда Қазақстан еліміздің көркеюі жолында барлық қиындықтарды бағындырып, әлемдік сахнада өз орнын тапқан мемлекетке айналды. Ұлттық тіліміз, дініміз, діліміз, рәміздеріміз арқылы азаттығымыз бен қазақтығымыз айқындалды. Мұның бәрі берекелі бірлік пен еңселі еңбектің арқасында десек артық айтқанымыз емес. Сондықтан, ұлттық мерекеміздің мәнін ұғынып, оның тарихын білу – барша қазақстандықтардың міндеті. Себебі, бүгінгі бейбіт күніміз бәрінен де жоғары. Ендеше, еліміздің еңсесі биік, абыройы асқақ болғай!
Ә.ҚАСЫМ
Сурет: ашық дереккөз