МАҚАТТЫҚ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

МАҚАТТЫҚ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Сурет автордікі
(0 Votes)

Апта басы Мақат ауданы тұрғындары үшін жағымды жаңалықпен басталды.

Бүгін жылдар бойы тұрмыс тауқыметін тартқан, әлеуметтік жағдайы төмен Кемалиевтер отбасы баспаналы болды.

Бұл қайырымды іске «Харекет» қайырымдылық қоры мұрындық болып, салтанатты түрде баспана кілтін табыстады.

Отбасының отағасы Қанат Кемалиев – мұнайлы мекеннің тұрғыны, ІІІ топ мүгедегі. Ал шаңырақтың отанасы Арай Қалбаева Мақат кентіндегі Х.Санбаев атындағы орта мектепте бірнеше жыл бойы тазалықшы болып қызмет етіп, бір өзі отбасын асырап келеді. Ал, кенже қызы Айзат – ерекше бала.

Бұл туралы Х.Санбаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі әрі аудан бойынша қордың еріктісі Гүлмира Берікқалиқызы:

Жақсылық жасау – әркімнің қолынан келеді. Кемалиевтер отбасының жағдайын көріп, құжат жинауға кірістім. Қор еріктілері бірден әрекетке көшіп, үй алу жолдарын қарастырды. Міне, арада көп уақыт өтпей, тағы бір отбасы баспаналы болды, – дейді.

Осылайша, аталған қордың қолға алуымен бір жарым ай ішінде қажетті қаражат жиналып, Кемалиевтер отбасына жаңа баспана сыйға берілді.

Қуанышты сәтте Арай Қалбаева қызы Айзатпен бірге жаңа үйдің лентасын қиып, табалдырығын қуанышпен аттады.

Атырау облысы бойынша қордың еріктісі Жақсылық Базарбаевтың айтуынша, Кемалиевтер отбасына көмектесуге аудан тұрғындары белсенді түрде атсалысқан.

 «Халық бұл жағдайға бей-жай қарамады. «Көп түкірсе – көл» демекші, қысқа уақыт ішінде қажетті қаражат жиналды. Жалпы бүгінге дейін «Харекет» қоры жүзеге асырып жатқан “200 күнде – 200 баспана” жобасы аясында 1382 отбасы баспаналы болды», – дейді Жақсылық Базарбаев.

Айта кету керек, «Харекет» қоры бұған дейін де ауданда бірнеше отбасыға баспана сыйлаған болатын.

Ж.Қамза

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT